«Рудный Алтай» газетіне биыл 105 жыл. Өңірлік басылым бүгінде ақпарат айдынында абырой биігінен түспей дамып келеді. Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының қорында редакцияның ғасырдан астам уақыт жиналған шығарылымдары сақтаулы.
Биыл жарық көргеніне жүз бес жыл толатын «Рудный Алтай» газеті ең алдымен ормандай оқырманымен еңселі. 1918 жылы 10 сәуірде «Голос Алтая» атауымен танылған газеттің алғашқы шығарылымы жарық көрді. Кейіннен газет атауы «Известия Усть-Каменогорского уездного революционного комитета», «Советская власть», «Смычка», «Крестьянский труд», «Прииртышский коммунар», «Большевик Алтая», «Знамя Коммунизма» болып бірнеше рет өзгерген. Тек 1963 жылдың 1 мамырында «Рудный Алтай» болып бекітілді.
Газет оқу мәдениеті — қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. «Рудный Алтай» тарихы – тұтас өңірдің өткені мен бүгіні. Газеттің кей үлгілері тек бір данадан сақталған. Сондықтан, архив қызметкерлері қордағы мәліметті көздің қарашығындай сақтап келеді.  
«Рудный Алтай» қоғамдық-саяси газетінің тарихы терең. Ол өңірдегі ғана емес, республикадағы үздік басылымдардың бірі.