Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-де өңірдегі тау-кен және металлургия кәсіпорындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үішн инновациялық шешімдерді енгізуге негізделген орталық ашылды. «Industrial AI» құзырет орталығы қазақстандық компаниялармен консорциум аясында іске асты. Жасанды интелект мүмкіндіктерін пайдалану және түрлі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастама оң нәтижесін беретіндігіне ғалымдар сенімді.

 «Industrial AI» құзыреттілік орталығы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және бейімдеуге негізделген. Тау-кен металлургия өнеркәсіптеріне жаңа технологияларды енгізу және автоматтандыру жүйесін жетілдіру үшін таптырмас жобаның бірі болмақ.

Дүниежүзілік банк қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба еңбек тиімділігін арттырып, қауіпсіздік шараларын күшейтеді. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті кәсіпорындар қатарын арттырады.

Мамандардың айтуынша құзыреттілік орталығы нақты бір уақыт режимінде қажетті деректерді талдап, өндіріс процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін машиналық көру жүйелерін қолданысқа енгізуді мақсат тұтады. Сонымен қатар кәсіпорындардың инфрақұрылымын басқару үшін жасанды интелект көмегін пайдалану жоспарда бар.

Бұл маңызды бастама өңірдегі тау-кен металлургия саласында табысты еңбек етіп келе жатқан ірі кәсіпорындарда жоғары технологияларды қолданысқа енгізуге, өнім өнімділігін арттыруға септігін тигізері анық.