ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің құрылғанына 65 жыл. Мемлекет үшін аса маңызды нысандарды күзететін әскери бөлім мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Әскери бөлімді құттықтауға қала әкімнің орынбасарынан бастап, өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлім командирлері мен ардагерлер келді.

Облыстық филармонияда өткен шарада әскери бөлім өкілдері келушілерге шағын көрме ұйымдастырған. Бұл жерден қару-жарақтың түр-түрін көруге болады. Бұдан бөлек, кеш қонақтары бүркіт ұстаған саятшымен суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

Әскери бөлім қызметкерлері өздеріне артылған зор сенімді абыроймен атқарып, ел іргесінің берік болуы жолында өзіндік үлестерін қосып келеді. Шарада отызға жуық әскери қызметкер марапатталды.

Ертіс полиция бөлімінің мамандары да әскери қызметшілермен тығыз байланыс орнатқан. Мерейтойға орай полиция подполковнигі Қанат Өтелбаев «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Мерейтойға өңірдің түрлі кәсіпорын өкілдері қатысты. «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мен Халық банкінің ШҚОФ өкілдері ақжарма тілектерін жаудырып, әскери бөлімге сый-сыяпаттарын табыстады. Салтанатты жиынға әскери бөлімнің ардагерлеріде жиналды.

Шара соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты. Аймақ өнерпаздары әуелете ән салып, мың бұрала би биледі.