Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады» деп атап өтті. Цифрлық шешімдердің және жасанды интеллект технологиясының көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапасын арттыруға болады. Сондықтан тың технологияны тиімді пайдалану ел экономикасын дамытуға да мүмкіндік береді.

Бүгінде барлық салада жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың көмегі адам өмірін жеңілдетіп, жұмыстың тиімділігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Әсіресе, білім беру саласында бұл технологиялар студенттердің білім алу үдерісін жеңілдетіп, ақпаратты тез меңгеруіне ықпал етуде. Олардың өз бетінше ізденуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына да септігін тигізуде.

Елена Блинаева, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің қауымдастырылған профессоры:

Құрылтайда Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қолдануға қатысты өз ойын айтты. Біз, жоғары оқу орны жанындағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар мектебі ретінде, бұл технологиямен күнделікті жұмыс істейміз және студенттерді осы бағытта оқытып келеміз. Президенттің жасанды интеллект ешқашан панацея емес деген ойымен толық келісемін. Жасанды интеллект – бұл да кез келген ақпараттық технология сияқты құрал ғана, сондықтан оны қолдануға саналы түрде қарау қажет. Президент жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметте қолдануды ретке келтіру қажеттігін орынды атап өтті. Алайда, менің ойымша, жасанды интеллектіні тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, барлық сала мамандары – заңгерлер, дәрігерлер, қаржыгерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары да саналы әрі сауатты қолдануы тиіс.

Салтанат Кеңесбекқызы