Негізгі Жаңалықтар Білім күні аталып өтті

Білім күні аталып өтті

Шығыс Қазақстан техникалық университетінде жаңа оқу жылы ерекше басталды. Білім ордасының студенттер шеруіне еліміздің әр өңірінен келген жастармен қатар, әлемнің 16 мемлекетінен білім алуға келген шетелдік студенттер де қатысты. Шеру барысында жастар университет қабырғасындағы жаңа оқу жылына деген өз мақсаттары мен жоспарларын айқындап, мерекелік көңіл-күймен бас қосты. 

Биыл университеттің бірінші курсына 3 мыңға жуық студент қабылданған. Шараның басты мақсаты – оқу орнына жаңадан қадам басқан жастарды университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырып, білім алуға берілетін мүмкіндіктерді көрсету. Салтанатты шеруге «Казцинк» ЖШС компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев те қатысып, университет табалдырығын енді аттаған студенттерге сәттілік тіледі.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Бүгін студенттер үшін ерекше күн. Олар алғаш рет зауытқа барып, өндіріс ордасымен танысып отыр. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің білім алушыларына айтар тілегім — бірнеше жылдан кейін университет өз түлектерін мақтан тұтып, «біздің түлегіміз» деп үлкен қуанышпен атайтын азаматтар болсын. Сапалы білім алып, білікті инженер, іскер кәсіпкер, білікті басшы, ізденімпаз зерттеуші атансын. Университеті мақтан ететін, ел болашағын қалыптастырып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосатын азаматтар болуларына тілектеспін. 

Шеруге студенттер өздері білім алатын факультеттердің атынан шығып, ерекше белсенділік танытты. Түрлі шығармашылық қойылымдар арқылы олар оқу орнының бірлігін көрсетіп, шараға келген қонақтар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара барысында студенттік өмірдің артықшылықтары таныстырылып, жастарға білім алумен қатар, қоғамдық және шығармашылық бағытта белсенді болуға мүмкіндік мол екені көрсетілді. 

Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:

Бүгін өте керемет күн білім күні. Қазақстан бойынша білім күнін біз тойлап жатырмыз. Құтты болсын. Барлық осы мектепке барған университетке барған студенттерді ос білім күнімен құттықтаймын. Әрқшанда білім алып, өз жолын тауып, білікті маман болуға тілектеспін. Және біздің ұстаздарымызғада осы жыл жемісті болсын, білімге толы болсын және жақсы шәкірттерге толы болсын деп айтқым келеді.  

Студенттер шеруіне шетелдік білім алушылар да қатысып, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастады. Олар университеттегі алғашқы күндерінің ерекше әсер қалдырғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Шараға Египеттен келген Эмара Мұстафа да қатысып, студенттерге сәттілік тіледі.

Эмара Мұстафа, ЖОО студенті (Египет):

Мен Мысыр еліненмін. Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде білім аламын. Барлық студенттерге жаңа оқу жылында сәттілік, мол білім және жарқын жетістіктер тілеймін. Оқуда озат болып, өз армандарыңызға жетіңіздер. 

Бұдан бөлек, салтанатты шараға университеттің ардагер түлектері де арнайы қатысып, қара шаңыраққа деген ыстық ықыластары мен жүрекжарды тілектерін білдірді. Олар өздері білім алған оқу орнының бүгінгі жетістіктеріне ризашылықтарын жеткізіп, жаңа буын студенттеріне сәттілік тіледі. 

Нұрдәулет Қалибеков


Бөлісу