Облыс әкімі Даниал Ахметов Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы Қасым Қайсенов кентіндегі бірнеше нысанның құрылыс барысын тексеріп, жұмыс жоспарымен танысып қайтты.

Қараша айында Қасым Қайсенов кентінде 40 пәтерлі екі үй пайдалануға беріледі. Қазір құрылысқа жауапты компания әрлеу және абаттандыру жұмыстарын аяқтауға жақын. Аулаларда көлік тұрақтары мен балалар ойын алаңдарын орнату жоспарда бар. Сонымен қатар, ауданда 320 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудандағы үйлер мен басқа да нысандардың құрылысын тексеріп, кенттегі жылу қазандықтарының жайын білді.

Ұлан ауданын дамыту жоспары мұнымен бітпейді. Айыртау ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жоба негізінде алдағы уақытта өзге де шағын ауылдарда кешен салу жоспары бар. Ал, Таврия ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының тек соңғы жұмыстары қалған.