Өскеменде мектеп оқушылары өздерінің бизнес-идеяларына негізделген бизнес-жобаларын таныстырған қалалық чемпионат өтті. Байқауға қатысушылар өздерінің ойларында жүрген тың идеяларымен бөлісіп, жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Бұл дегеніміз кәсіпкерлікті алға бастайтын, нағыз идеялардың жәрмеңкесі, - деседі ұйымдастырушылар. Жас та болса, іске көшіп, алға қойған мақсаттарына жетуге талпынған жастар өз жобаларында фотостудия ашудан бастап органикалық тыңайтқыштар жасауға дейінгі ойларын жеткізген. Мәселен, Әдемі Қалиқанова бір жыл бойы эко-қонақүй салу туралы жоба дайындаған. Жоба авторының сөзінше, мұндай ғимараттар туризм саласы дамыған елдерде кеңінен танымал.
Оқушылар бірнеше бағыттағы авторлық жобаларын ұсынды: бұл IТ-технология, жасыл экономика, туризм, қызмет көрсету мен стартап. Жас кәсіпкерлердің жұмыстарының барлығына талдау жасалды. Бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп барып, бәсекелестікке қабілетті делінген жоба иелері өзара жүлделі орынға таласты.
Ең үздік бизнес-жоба дайындаған оқушылар мадақтамалар мен бағлаы сыйлықтар иеленді. Сонымен қоса, мұндай байқауға қатысу арқылы мол тәжірибе жинақтап, кәсіпкерлікке келу жолындағы сенімділіктерін күшейтті.