Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында аймақтағы Экология департаменті болашақ экологтарға ерекше шара ұйымдастырды. Жоғарғы оқу орындарының студенттері Өскемен жылу электр орталығына барып, өндірістік процестердің қыр-сырымен танысты.

Өндіріс орнына жасалған бұл сапар – студенттер үшін нағыз тәжірибе алаңына айналды. Олар нақты өндірісте экологиялық мониторингтің қалай жүргізілетінін, зиянды заттардың ауаға таралуын бақылау жүйесін және кәсіпорынның ішкі жұмыстарын өз көздерімен көрді. Экскурсия алдында қауіпсіздік техникасы бойынша толық нұсқаулық берілді.

Экскурсия корпоративтік оқыту орталығынан басталды. Мұнда студенттерге энергетика саласына кадр дайындау, экологиялық стандарттарды енгізу жайлы мәлімет берілді. Олар кәсіпорындағы заманауи білім беру бағдарламаларымен және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған әдістермен танысты.

Экскурсия барысында студенттер экология саласындағы үздік мамандармен жүздесіп, зертхана жұмысын көріп, толғандырған сұрақтарын қойды. Оларға мамандар жан-жақты жауап беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

Корпоративтік орталықта заманауи жабдықталған аудиториялар, арнайы оқу полигондары мен автоматтандырылған тестілеу жүйесі бар. Бұл болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін әрі білімдерін тереңдетуге сеп.