Жаңа босанған аналар өз таңдауын палатада жасады
Облыстық ана мен бала орталығы үшін ерекше тарихи күн. Жас аналар жаңа туған сәбиін бауырына басса, енді бірі ел болашағына қатысты таңдауын жасап жатыр. Ал денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтын аналар үшін арнайы мобильді топ жұмыс істеуде. Олар бөлімшелердегі палаталарды аралап, перзентханада жатқандардың дауыс беруіне мүмкіндік жасады
Сайлау күні перзентханада екі сәби дүниеге келді. Аналар мен нәрестелердің жағдайы жаққсы. Жаңа жатқан әйелдер де дауыс беруге мүмкіндік алды. Перзентхана ғимаратында орналасқан №60 сайлау учаскесінде осы уақытқа дейін 150 ана өз таңдауын жасаған. Солардың бірі Алтынай Қабдылова. Ол өзі ем қабылдап жатқан мекемеде сайлау учаскесінің ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.
Алтынай Қабдылова, қала тұрғыны:
Тарихта қалатын күннің бірінде біз де өз таңдауымызды жасадық. Біздің де таңдауымыз маңызды деп.
Жүкті әйелдер мен жас аналар медициналық мекемеден шықпай-ақ дауыс беруге мүмкіндік алғандарына қуанышты. Олардың айтуынша, сайлау учаскесінің перзентханада орналасуы өте ыңғайлы. Осылайша, денсаулығына байланысты үйден немесе ауруханадан шыға алмайтын әйелдер де өз таңдауын жасай алды.
Әсем Іңкәрова, қала тұрғыны:
Мен осы ОПМ бөлімшесінде жатқаныма 1 айдан асты. Баламның жағдайына байланысты. Енді сайлауда әр халық дауысын беруі керек деп ойлаймын. Әр дауыс біздің қаламыздың дамуына үлкен үлес қосады деген үміттемін.
Осылайша аталған сайлау учаскесінде дауыс беру жұмыстары белгіленген тәртіпке сай жалғасып жатыр. Сайлаушылар да өз учаскесіне келіп, таңдауын жасауда дейді мамандар.
Зинаида Жукова, № 60 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы:
№60 сайлау учаскесінде барлығы 200 адам тіркелген. Қазірге дейін шамамен 150 адам дауыс берді. Сайлауға перзентханадағы аналар белсенді қатысып жатыр. Дауыс беру штаттық режимде өтуде. Ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ.
Сайлау учаскесінің жұмысы белгіленген тәртіппен ұйымдастырылған. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері науқастар мен жас аналардың дауыс беруіне қажетті қолдау көрсетіп, олардың өз таңдауын жасауына мүмкіндік беріп отыр.
Фатима Тілейханқызы