Негізгі Жаңалықтар «Шығыс шақырады» бағдарламасы жүзеге асуда

«Шығыс шақырады» бағдарламасы жүзеге асуда

Шығысқа жаңа тұрғындарды тарту және олардың өңірде тұрақтап қалуына жағдай жасау мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиында «Шығыс шақырады» өңірлік жоспарының жүзеге асырылу барысы қаралды. Басты мақсат – өңірге қажетті мамандарды тарту, қоныс аударушыларды жұмыспен қамту және олардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсету. Сонымен қатар, өңірде «Оңтүстік– Шығыс маманы» және «Құтты өңір» жобалары жүзеге асырылуда. Бастама аясында мамандарға баспана сатып алуға қолдау көрсетіліп, елді-мекенде бос тұрған үйлерді қалпына келтіруге кәсіпкерлер тартылатын болады.

Биыл облысқа жалпы саны 67 адамнан тұратын 16 отбасы қоныс аударған. Соның ішінде ебекке қабілетті 23 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жиында медицина және жұмысшы мамандарын тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету және ауылдарды дамыту мәселелеріне басымдық берілді. 

Альмира Мусинова, Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Осы азаматтарға бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, «Отбасы банк» арқылы 20 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға болады. Сондай-ақ жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтарға 750 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант беріледі.Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерге, әсіресе шекара маңындағы аудандарға қоныс аударған отбасылардың балаларына білім гранттарын беру. 

Шекара маңындағы аудандарды дамыту мақсатында «Бірқабатты Шығыс» жобасы да іске қосылған. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша 11 отбасы ауылды жерлерге көшіп барды. Қоныс аударушыларға қажетті ақпарат беру үшін арнайы «altynqaqpa.kz» сайты әзірленді. Платформада мемлекеттік қолдау шаралары, бос жұмыс орындары, тұрғын үй мүмкіндіктері және өңірлік бағдарламаларға қатысу шарттары туралы мәліметтер орналастырылған.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қоныс аударудың өңірлік жоспары «Шығыс шақырады» бағдарламасының ауқымын кеңейту қажет. Қала және аудан әкімдері қоныс аударушыларды елді мекендерге орналастыруға, олардың сол жерде тұрақтап қалуына және жан-жақты қолдау көрсетуге баса назар аударуы қажет. «Құтты өңір» жобасы аясында кәсіпкерлерді бос тұрған тұрғын үйлерді сақтауға, қалпына келтіруге және жөндеуге тарту керек. Сондай-ақ бұл үйлерді қоныс аударушыларға қолжетімді бағамен сату тетіктерін қарастыру ұйымдастырылуы керек жергілік өңірлерде. 

Жиын қорытындысы бойынша салалық басқармалар мен аудан әкімдеріне жоспардың барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Әсіресе, сұранысқа ие мамандарды тартуға, тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңірге қоныс аударған азаматтардың тұрақтап қалуына ерекше назар аудару міндеттелді. 

Фатима Тілейханқызы



Бөлісу