Кітап оқу - рухани дамудың негізі
Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, танымын тереңдететін рухани құндылық. Бүгінде оқырмандық мәдениетті қалыптастыру, әсіресе жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру маңызды. Осы мақсатта қаладағы облыстық кітапханада«Оқитын ұлт – кітап оқудың жаңа дәуірі» атты басқосу өтті.
Артық білім кітапта демекші кездесуде қазақ және әлем әдебиетінің көрнекті тұлғаларының кітап туралы нақыл сөздері айтылып, қатысушылар арасында интерактивті әңгіме өрбіді. Ұйымдастырушылар кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдырудың маңызын атап өтті. Кітап оқудың пайдасын насихаттап жүрген кітапхана қызметкерлері де марафоннан тыс қалған жоқ.
Томирис Ермекқызы, кітапханашы:
Мен зияткер санатында қатысамын, бұл санаттағы кітаптар толықтай көңілімнен шықты. Бірақ кейбір кітаптарды 2- 3 рет оқып шықтым. Себебі ол кітаптарды бала кезде оқығанда мазмұнына мән беретінбіз, қазір басқа тұрғыдан қараймыз. Адамға қандай сабақ береді, ол кітаптан мен не ала аламын деген мығаналар іздей бастаймыз.
Шараның көркін қаладағы балалар театрының актерлері толықтырды. Олар Абай Құнанбайұлының «Болыс болдым, мінеки» өлеңін сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынды. Осылайша, ақын шығармашылығы театр өнерімен ұштасты.
Әлия Көңілханқызы, балалар театрының жетекшісі:
Жалпы осы кітап оқитын ұлт қалыптастыру тек кітапты оқып қою ғана емес, ол оқыған кітапты түсіну, одан ой түйу, оны талдау және жалпы сол ойды жеткізе білу , оны ортаға салу өте маңызды. Шәкірттеріміз бірнеше кітаптарды оқып, сол бойынша қойылымдар қоямыз. Олардың бірі осы марафонда бар Көксерек.
Кездесу аясында республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонының маңызына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар кітап оқуға деген қызығушылықтың қалай қалыптасатыны, шығарманы таңдаудың тиімді жолдары мен күнделікті оқуға уақыт бөлудің маңызы жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ кітаптың жеке дамуға әсері және жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сәуле Оразғалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Осы кітап оқитын ұлт жобасына басынан бастап өте белсенді қатысқан мұғалімдердің бірімін. Кітап оқыған қатты ұнайды. Мамандығым да осы бағытта болғандықтан. Бүгінгі таңда оқушылармен, сынппен бірге оқып, клуб құрып одан ары дамытып жатқан жайымыз бар.
Басқосуда жастарды кітап оқуға баулу, әдеби шығармаларды дұрыс таңдау және оқуға уақыт бөлу мәселелері де талқыланды. Кездесу соңында кітап оқуға неге уақыт таппаймыз тақырыбында шағын дәріс өтіп, оқырмандарға пайдалы кеңестер берілді.
Бекарыс Әмірбек