Негізгі Жаңалықтар Кішкентай жандарға үлкен қамқорлық

Кішкентай жандарға үлкен қамқорлық

Өскеменде Дүниежүзілік өмірге ерте келген сәбилер күні аталып өтті. Осыған орай Ана мен бала орталығында мерекелік шара ұйымдастырылып, оған медицина қызметкерлері, ата-аналар қатысты.

Өмірге ерте келген сәбилер үшін өмірінің алғашқы күндерінен бастап кәсіби медициналық көмек пен үздіксіз бақылаудың маңызы зор. Ана мен бала орталығында мұндай нәрестелерге жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің мамандары күтім көрсетеді. Олардың күнделікті жұмысы туралы бөлімнің мейіргері Айдана Арманова айтып берді.

Айдана Арманова, патология бөлімінің мейіргері:

Керемет мереке өтіп жатыр. Сонымен қатар біздің мейіргерлердің жұмысы, басты міндетіміз жаңа туған нәрестелер денсаулығын бақылау, сапалы күтім көрсету және олардың тезрек үйіне оралуы. Бұл үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті қажет ететін жұмыс. 

Сәбидің мерзімінен бұрын дүниеге келуі ата-ана үшін үлкен сынақ. Алайда алғашқы күндердегі алаңдаушылық уақыт өте келе баланың әрбір жетістігіне деген қуанышқа ұласады. Қала тұрғыны Әсел Жұбатханова өз отбасының басынан өткен оқиғасымен бөлісті.

Әсел Жұбатханова, қала тұрғыны:

Үш балам да өмірге ерте келген. Тұңғышым 2016 жылы дүниеге келді. Биыл 10 жасқа толды, аты Батыр. Салмағы 1851 грамм болып туды 34 аптасында. Екінші балам мерзіміне жақын, жүктіліктің 37-аптасында, салмағы 3000 грамм болып дүниеге келді. Үшінші ұлым Салауат 36-аптасында 3800 грамм болып туды. Міне кішкентайым 3ке келеді. Рахмет айтқым келді Ана мен бала орталығының ұжымына. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде шамамен 15 миллион сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Бұл – әрбір он нәрестенің бірі. Дүниежүзілік атаулы күні мерзімінен бұрын босану мәселесіне, медициналық көмектің сапасына және осындай балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетудің маңыздылығына қоғам назарын аударуды мақсат етеді.

Кәусар Идаятқызы



Бөлісу