Негізгі Жаңалықтар Көші-қон бағдарламасының жемісі

Көші-қон бағдарламасының жемісі

Мемлекеттік көші-қон бағдарламасы азаматтарға жаңа өңірге қоныс аударып, кәсібін дамытуға мүмкіндік береді. Алматы қаласынан Катонқарағай ауданына көшіп келген Бақытжан Айқынбаева да осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылда дәріхана ашқан. Бүгінде ол жергілікті тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмекті қолжетімді бағамен ұсынып, тапсырыс бойынша жеткізу қызметін де ұйымдастырған. Кәсіп иесінің айтуынша, ауылда да еңбек етіп, өз ісіңді дамытуға мүмкіндік мол.

Бақытжан Айқынбаева үшін Алматыдан Катонқарағайға қоныс аудару – үлкен жауапкершілікті талап еткен шешім. Оған Шығыстың тұмса табиғаты мен ауыл өмірінің тыныштығы ерекше әсер еткен. Қоныс аударған соң, өз тәжірибесіне сүйеніп, дәріхана ашуды қолға алады. Бүгінде мұнда дәрі-дәрмектің түр-түрі бар. Ал қажетті препарат табылмаған жағдайда, тұрғындар тапсырыс беріп, қысқа мерзімде алдыра алады. Бұл әсіресе аудан орталығынан алыс тұратын тұрғындар үшін қолайлы.

Бақытжан Айқынбаева, ауыл тұрғыны: 

Менің кәсібіме мен өзі 16 жыл болды осы кәсіппен айналысып келе жатқаныма. Бұл ауылда да еңбек істеуге болады. Мүмкіндік көп еңбек істеуге. Жаңағы өз кәсібіңді ашуға. Бізде баға төмен. Ассортимент көп. Сол үшін түгелі қуанып келеді. 

Дәріхананың тұрақты тұтынушыларының бірі – Алмаш Мұқанова. Оның айтуынша, қажетті дәріні іздеп, басқа жерге барудың қажеті жоқ. Тапсырыс қабылданып, керекті препарат бірнеше күннің ішінде жеткізіледі. Бұл қызмет тұрғындардың уақытын үнемдеп, дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттырған.

Алмаш Мұқанова, ауыл тұрғыны: 

Заявка берсек сразу әкеліп береді. Ингалятор заказ бердім. Бауырым ауырады астмамен. Келеміз аламыз. Всегда уюно, вежливая. Тап таза, бәрі жақсы. Жоқ болса заказ береміз. Например понедельник заказ берсек четверг келіп қояды. Жеткізуі тез, иә. 

Жалпы, ішкі көші-қон саясаты еңбек күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға азаматтарды қоныстандыруға бағытталған. Бағдарлама аясында көшіп келген отбасыларға біржолғы субсидия, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеу, сондай-ақ баспана сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаты түрінде қолдау көрсетіледі. Катонқарағай ауданында да бұл бастама оң нәтижесін беріп келеді.

Серік Жәкітов, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары: 

Жалпы, жыл басынан әр айды салыстырмалы түрде қарағанда көші-қонның оң динамикасын байқауға болады. Бұған дейін бірнеше жыл бойы мұндай динамика болмаған. Бұл көші-қон бағдарламасының біздің ауданда сәтті жүзеге асуының бір септігі деп айтуға болады. Жалпы осы көші-қон бағдарламасы аясында біздің ауданға 29 отбасы 83 адам келіп қоныстанды. 1 отбасы 4 адам қандастар болып табылады. Барлығы квотадан өткен азаматтар. 18 отбасы тұрақтап, қазір Катоқарағайда өмір сүріп жатыр. 

Жаңа ортаға бейімделіп, кәсіп ашу – қоныс аударушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ал олардың өңірде тұрақтап қалуы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді.

Бекарыс Энгельс


Бөлісу