Негізгі Жаңалықтар Туған өлкенің тарихы таныстырылды

Туған өлкенің тарихы таныстырылды

Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Шемонаиха ауданының мәдениеті күндері өтті. Мазмұнды шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктері паш етіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер мен ғылыми жобалар көрмесі және ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды.

Мұнда мың бұралған биші мен жезтаңдай әншілер өнер көрсетіп, көрерменнің көңіл көтерді. Олар туған жердің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мазмұнды қойылым мен әсем әнді көпшілік назарына ұсынды. Әрбір өнер көрсетілімінде шырайлы мекеннің өзіндік болмысы, ұлттық дәстүрі мен рухани құндылықтары көрініс тапты. Шығармашылық ұжымдардың өнері жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік шараның көркін қыздырды.

Думан Нұрбопанов, Аудандық Мәдениет үйінің директоры:

Осы «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында қарқынды дайындықпен келдік. Осы жоба аясында ұйымдастырылған нөмірлеріміз өте сапалы деп есептеймін. Осы бір жобаны ұйымдастырған жандарға көп ризашылығымызды білдіреміз. Бұл шараны аудандар арасындағы өзара тәжірибе алмасу алаңы деп қабылдаймыз. 

Шара барысында аудан орталығымен қатар, шалғайдағы ауылдық округтердің де тыныс-тіршілігі таныстырылды. Туған өлкенің жетістіктері мен өзіндік ерекшеліктерін көпшілікке паш етуге аудан тұрғындары тыңғылықты дайындалған. Мұны аудан әкімі де тілге тиек етіп, мәдени шараға атсалысқан жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Ержан Шұрманов, Шемонаиха ауданының әкімі:

Күні бойы біз бірнеше алаңда жұмыс істедік, сондай-ақ облыс орталығындағы барлық негізгі жоғары оқу орындарын қамтыдық. Осы уақыт ішінде біздің ұстаздар, білім және мәдениет саласының қызметкерлері облыс орталығы мен облыстық басқармалардың өкілдерімен дөңгелек үстелдер өткізіп, әріптестерімен жүздесті. Ең бастысы, бұл шаралардың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, озық тәжірибелерді меңгеру, түйткілді мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолдарын белгілеу. Бұл күннің мазмұнды түйіні Шемонаиха ауданы тауар өндірушілерінің көрмесі. Сондай-ақ сағат 18:00-де ауданымыздың барлық мәдени әлеуетін паш ететін шығармашылық ұжымдардың концерті жоспарланған. 

Мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылған көрмеде оқушылардың ғылыми ізденістері де көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе, робототехника бағытындағы туындылар келушілердің қызығушылығын тудырды. Бүгінде жасанды интеллект қарқынды дамып келе жатқандықтан, жас өнертапқыштар еліміздегі информатика мен IT саласын ілгерілетуді көздейді. Солардың бірі Әбілқайыр есімді жас талант, ол да осы шараға өз туындысын алып келген. 

Әбілқайыр Манарбек, оқушы:

Біз осы жобамыз арқылы адамдарға барынша көмектескіміз келеді. Көзі нашар көретін жандарға немесе үйдің, офистің, зәулім үйлердің безопасностьтің оны қорғау үшін бірнеше проекттеріміз бар.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы өңірдегі аудандардың мәдениеті мен әлеуетін облыс жұртшылығына таныстыруды мақсат етеді. Жәрмеңке мен көрмеден бастау алған тағылымды шара шемонаихалық өнерпаздардың мерекелік гала-концертімен түйінделді.

Ариана Нұрлыбекқызы


Бөлісу