Негізгі Жаңалықтар Ана мен бала орталығына жаңа жабдықтар алынды

Ана мен бала орталығына жаңа жабдықтар алынды

«Казцинк» компаниясы Ана мен бала орталығына соңғы үлгідегі жаңа жабдықтарды таныстырды. Жеті неонатальды инкубатор мен компьютерлік және магниттік-резонанстық томография жүргізуге арналған ангиографиялық инжектор дәрігерлерге мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелерді күтіп-баптауға көмектеседі.

Жыл сайын Ана мен бала орталығында 500-ден астам сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Олар үшін тұрақты бақылау мен ағзаның бейімделуіне әрі дамуына көмектесетін арнайы күтім өте маңызды. Бұл ретте қажетті температура мен ылғалдылықты сақтап, жаңа туған нәрестелер үшін жайлы ортаны қамтамасыз ететін неонатальды инкубаторлар көмекке келеді. Орталықта мұндай құрылғылар бұған дейін де болған, ал енді «Казцинк» компаниясының қолдауы арқасында олардың қатары тағы жеті жаңа инкубатормен толықты. 

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Біз Шығыс Қазақстан облысының әкімімен жасалған меморандум шеңберіндегі іс-шараларды іске асыруды жалғастырып жатырмыз. Бүгін біз Ана мен бала орталығына медициналық техниканы тапсыру рәсіміне қатысып отырмыз. 00:17 СКЛ: 00:26 Бұл - жеті неонатальды инкубатор мен компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияға арналған ангиографиялық инжектор. Бұл жабдық диагностиканы сапалы жүргізуге, сондай-ақ салмағы аз және мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелердің денсаулығын сақтауға әрі күтуге мүмкіндік береді. 

Дәрігерлер кішкентай емделушілердің үлкен әлемге бейімделуіне көмектесу үшін «кенгуру» әдісін қолданады. Сәби арнайы креслода отырған анасының кеудесінде жатып, оның жылуы мен тыныштығын сезінеді дейді мамандар.

Жұлдыз Әбілова, ШҚО неонатология қызметінің жетекшісі:

Сонымен қатар бізге «кенгуру» әдісіне арналған арнайы креслолар сыйға тартылды. Бұл — мерзімінен бұрын туылған балаларды күтіп-баптаудың салыстырмалы түрде жаңа әдісі. Ананы креслоға отырғызып, баланы оның кеудесіне жатқызамыз. Мұнда міндетті түрде «теріге тері тию» байланысы болуы тиіс. Бала анасының бауырында бір-бір жарым сағат жатады. Тіпті ол аппаратқа қосылып тұрса да немесе респираторлық қолдау алып жатса да, біз бұл әдісті бәрібір қолданамыз. Бұл әдістің шала туған балаларды күтіп-баптау нәтижелерін едәуір жақсартатыны дәлелденген. 620 грамм, 640 грамм болып туған балалар болды. Қазір біздің бөлімшеде салмағы 741 грамм болатын бала жатыр. Ал біз күтіп-баптаған ең кішкентай нәресте жүктіліктің 24-аптасында дүниеге келген, салмағы бәрі-жоғы 505 грамм болған еді.


Сонымен қатар, аталған орталықта компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияға арналған ангиографиялық инжектор түскен. Ол тексеру кезінде контрастты заттың дәл енгізілуін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде егжей-тегжейлі бейнелер алуға және диагностиканың дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Медициналық техника мен қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға компания 150 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған.


Ариана Нұрлыбекқызы


Бөлісу