Үлкен Нарыннан Өскеменге өнер керуені келді
Алтайдың асқақ таулары мен тұмса табиғатының қойнауында орналасқан Үлкен Нарын – тарихы терең, дәстүрі берік, табиғи байлығы мен рухани қазынасы мол өлке. Ата кәсіпті ардақтап, ұлттық өнерді ұлықтаған ауданның өзіндік болмысы бұл күні облыс орталығы Өскеменде кеңінен таныстырылды. «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында ұйымдастырылған мәдени күндер шығысқазақстандықтарға қасиетті өлкенің өткені мен бүгінін, шаруашылық әлеуеті мен шығармашылық тынысын бір арнада танытуға мүмкіндік берді.
Бұл күн облыс орталығында ерекше мәдени шараға ұласты. Сахнадан төгілген әсем ән мен күмбірлеген күй көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе, аудан өнерпаздарының жоғары деңгейде дайындалған концерттік бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты. Олар өз өнерлері арқылы туған өлкенің мәдени тынысын танытып, қала тұрғындарына жарқын әсер қалдырды.
Марал Қадырқанқызы, аудан тұрғыны:
Біз бүгін жалпы Үлкен Нарын ауданының орталық кітапханасынан келіп отырмыз. Өзіміздің коллективпен бірге, былай айтқан кезде. Жалпы концерт өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Басталуы өте керемет. Патриоттық әндер, түрлі туған жерге деген соның барлығын қамтылып отыр. Және де жан-жақты тақырыптар қамтылды.
Мерекелік шара аясында ұйымдастырылған көрме Үлкен Нарынның сан қырлы тіршілігін айшықтады. Көрме сөрелерінен ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін танытатын жергілікті өнімдерді көруге болады. Табиғи тазалығымен ерекшеленетін азық-түлік түрлері мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегі ауылдағы өндірістің мүмкіндігін аңғартты. Бұл – табиғи байлықты тиімді пайдаланып, маңдай термен берекелі өнім өндірудің жарқын көрінісі.
Тамара Айдарбаева , Үлкен Нарын ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы:
Бұл шараға жарты айдай дайындалдым. Жарты айдай дайындалдым. Қалай болады екен? - деп ойлайсың ғой. Бәрі дұрыс өтсе екен, ауданымыз үшін. Бәріміз бір адамдай ат салысайық деп. Сол аннан-мыннан қалай қызықты болса екен, дұрыс көрсетсек, дұрыс көрсете білсек ауданымызды.
Ұсынылған көрме мен көрсетілген қойылымдар барша келушілерді керемет көңіл күйге бөледі. Осы орайда аудан әкімі де ұйымдастырылған шаралар бұнымен тоқтап қалмай, алдағы күндері де жалғасатынын жеткізді.
Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:
Бүгінгі жобамыз “Туған жер алтын бесігім” Үлкен Нарын ауданының барлық әртістерін бәрін алып келдік. Өте дұрыс жоба деп ойлаймын.
Концерттік бағдарламамен қатар, бұл күні жас талапкерлердің тың бастамалары да көпшілікке паш етілді. Әсіресе, «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында ұсынылған өңір оқушыларының ізденістері ерекше назар аударды.
Инесса Ем, оқушы:
Менің зерттеу жұмысымның мақсаты - ағаштар мен өсімдіктерге арналған :және еліміздің су ресурстарын үнемдеу үшін суару жүйесін әзірлеу. Өсімдіктердің тірі қалу көрсеткішін арттыру үшін мысалы, өткен жазда күн өте ыстық болды. Ал бізде «Таза Қазақстан» жобасы аясында ағаштар отырғызылып жатыр, бірақ олардың өсу көрсеткіші өте төмен. Сондықтан біз өсімдіктердің тірі қалу деңгейін арттыру және су ресурстарын үнемдеу үшін фертильді суару әдісін қолға алуды шештік.
Міне, осылайша Үлкен Нарын ауданының өнерпаздары әкелген концерт пен мерекелік бағдарлама өңір тұрғындары үшін ерекше күнге ұласты. Әсерлі концерт, жас өнертапқыштардың экологиялық бастамалары мен қатарлас өткен жәрмеңке өңірдің рухани және экономикалық әлеуетін айқын көрсетті. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын тауып, тұрғындарға қуаныш сыйлай беретіні анық.
Ариана Нұрлыбекқызы