Негізгі Жаңалықтар ШҚО мен Иран ынтымақтастықты нығайтуда

ШҚО мен Иран ынтымақтастықты нығайтуда

Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Сона Ахмади жұмыс сапарымен шығысқа келіп, аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, сонымен қатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қонақтарды жылы қарсы алып, бұл сапар Шығыс Қазақстан облысы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өңіраралық байланысты дамытуға және әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің облыста ҚР су қорының 40 пайыздан астамы және орман көлемінің 38 пайыздан астамы орналасқан. Сондай-ақ жер асты түрлі-түсті сирек кездесетін бағалы металлдар орналасқан, өндірісі дамыған ерекше өңір. 

Биылғы жылдың тоғыз айында Шығыс Қазақстан облысының Иранмен арадағы тауар айналымы 10,5 миллион АҚШ долларын құрады. Оның 9,3 миллион долларға жуығы өңір экспортына тиесілі. Бұл өнімнің басым бөлігі – өсімдік майы. Шығыс Қазақстанда өндірілген май Иран нарығында өз тұтынушысын тапқан. Енді аймақ сауда-саттық байланысын кеңейтіп қана қоймай, бірлескен өндіріс орындарын ашуға да мүдделі.

Сона Ахмади, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы:

Біздің елдерді ежелден қалыптасқан тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Біз Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапарымыздың мақсаты – екіжақты байланысты дамыту. Сауда, металлургия, энергетика, өнеркәсіп және инвестиция салаларында зор әлеует бар деп есептейміз. Біздің ортақ міндетіміз – екі ел арасындағы тауар айналымын бір миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар, логистика және өз өнімдерімізді жеткізу бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз.

Кездесу барысында тау-кен өндірісі саласына жаңа технологияларды енгізу, жол және тұрғын үй құрылысы мәселелері де талқыланды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, білім беру саласына заманауи технологияларды енгізу және сауда-өнеркәсіп палаталарының өзара байланысын нығайту бағыттары сөз болды. Инвестиция тарту және әлеуетті серіктестермен байланысты үйлестіру жұмыстарына облыс әкімінің орынбасары тікелей жетекшілік етеді. Ал салалық басқармалар аталған бағыттар бойынша ұсыныстарды пысықтауға атсалысады.

Бекарыс Әмірбек 

Бөлісу