Шағын бизнеске үш жылдық мораторий енгізіледі
Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдар – Шығыс Қазақстандағы бизнес өкілдерін алаңдататын мәселелердің бірі. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде туындайтын қиындықтар бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасына жиі жүгінеді. Осы орайда Мемлекет басшысының Жолдауда жариялаған бастамаларына артылар үміт зор. Соның бірі – микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу. Оны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа бастаманың басты мақсаты – кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды азайту. Ал, мораторийдің тиімді жүзеге асуы үшін қандай тетіктер қажет? Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары түсіндірді.
Сәкен Абдуллин, ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары:
Бүгінде бизнеске қосымша тексерулер мен айыппұлдар емес, ең алдымен, түсіністік қажет. Біз мораторийдің өзін ғана емес, Мемлекет басшысы ұсынған бақылаудың цифрлық моделіне көшу бастамасын да қолдаймыз. Біздің ұстанымымыз қарапайым. Мемлекеттік бақылау адал кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірмей, заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталуы керек.
Кәсіпкерлерді алаңдататын тағы бір мәселе – несие алу қиындығы. Бизнес өкілдерінің айтуынша, банктер қаржыландыру кезінде қатаң талаптар қояды. Әсіресе, кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз шағын кәсіпорындарға қиын. Соның салдарынан кәсіпкерлер өз ісін кеңейтуге, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаражатқа қол жеткізе алмай жатады.