Қысқы маусымға дайындық күшейтілді
Өңір құтқарушылары қысқы кезеңге дайын. Облыста қарлы боран, көктайғақ және өзге де қолайсыз ауа райы жағдайларында төтенше жағдайлардың алдын алып, оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен техника жасақталған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде өктен брифингте мәлімдеді.
Қыс мезгілінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы қауіпсіздікке басымдық беріледі. Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін облыста 3360 адам мен 905 бірлік техника әзірленген. Оның қатарында 318 қар тазалау, 234 инженерлік, 225 эвакуациялық және 128 өзге де жоғары өтімді техника бар.
Эльдар Шаймарданов, ШҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы:
Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда тұрғындарды орналастыру үшін 217 қабылдау пункті әзірленді. Олардың жалпы сыйымдылығы 28 мыңнан астам адамды құрайды. Бұдан бөлек, қала және аудан әкімдіктері жол бойындағы 28 тамақтанатын орындарды анықтады. Олар мыңнан астам адамды қабылдай алады.
Бұдан бөлек, қар құрсауында қалған немесе жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Өскемен әуежайында «Қазавиақұтқару» мекемесінің Ми-8 тікұшағы кезекшілік атқарады. Ал, «Өскемен – Семей» республикалық автожолының бойындағы Привольное ауылында Апаттар медицинасы орталығының трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Мұнда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, қажет болған жағдайда қар құрсауында қалған адамдарға жәрдем беріледі. Облыс аумағындағы автожолдарда 7 жылыту пункті жұмыс істейді. Оның төртеуі облыстық, үшеуі республикалық маңызы бар жолдарда орналасқан.
Дәулет Мұратбеков, ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Қысқы күтіп ұстауға 2 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар дайындалды. 50 тонна техникалық тұз бен 130 уақытша жол белгілері, 4 мың дана баған орнату және медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді, барлығына дайынбыз.
Ал, облыстық ТЖД мен «Қазгидромет» филиалы бірлесіп, дауылды ескертулерді қабылдау және тиісті қызметтерге хабарлау жүйесін іске қосты. Тұрғындарға ақпарат ұялы байланыс операторлары арқылы SMS-хабарлама, телеарналар, радио және әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Төтенше жағдай туындаған кезде дыбыстық құрылғылар да іске қосылады. Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта құтқару техникасы мен құрал-жабдықтар толықтай жарамды күйде. Қысқы кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданған. Құтқарушылар жүргізушілерге алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеріп, көліктің техникалық жағдайын тексеруге және дауылды ескертулерге құлақ асуға кеңес береді.
Фатима Тілейханқызы