Негізгі Жаңалықтар Жас мамандарға жол ашатын жоба

Жас мамандарға жол ашатын жоба

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде мемлекеттік қызметтің келешегі мен мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға жастардың қатысуы талқыланды. «Elge Qyzmet» диалог алаңында билік өкілдері, сарапшылар, түлектер мен болашақта мемлекеттік органдарда қызмет етуді жоспарлап жүрген студенттер бас қосты.

Кездесуге облыс басшылығы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті өкілдері, сондай-ақ университет оқытушылары мен жастары қатысты. Жиында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтар талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік аппаратты кешенді реформалау, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді.

Айдар Садырбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:

Әрқайсының туған жерге деген іңкәрлік сезімі, ол жүректе мәңгі орын табатыны ақиқат. Сол себептен адамдық алдындағы адалдығымызды сақтау, ол сіздермен біздердің қай салада, қай қызметте жұмыс жасасақта, біздің адамгершілік миссиямыз болуы қажет деп есептеймін. 

Диалог алаңы аясында «Жас мемлекеттік қызметші» мектебінің таныстырылымы өтті. Жоба болашақ мамандарды даярлауға, олардың жобалық басқару дағдыларын дамытуға және мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, бюрократиялық рәсімдерді қысқарту және басқарушылық шешімдердің сапасын арттыру мәселелері сөз болды.

Жаннель Болатова - С. Аманжолов атындағы ШҚУ мансап орталығының жетекшісі:

Кездесудің мақсаты – жас мамандарға мемлекеттік қызметке орналасу жолдары мен талаптарын түсіндіру. Қазір университетіміздің орташа үлгерім көрсеткіші, яғни GPA балы 3,33-тен жоғары түлектері конкурссыз мемлекеттік қызметке орналаса алады. Сондықтан бұл мүмкіндік түлектеріміз үшін өте маңызды. 2026 жылы университетіміздің жүзден астам түлегі Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметке қабылданды. Олардың қатарында әкімдіктерде, мәслихаттарда, аудандық бөлімдер мен басқармаларда, сондай-ақ Өскемен қаласы мен облыстың мемлекеттік органдарында қызмет етіп жүрген жастар бар. Университетіміздің барлық мамандық бойынша түлектері жыл сайын мемлекеттік қызметке орналасады. Жастардың бұл салаға қызығушылығы жоғары. Өйткені мемлекеттік қызмет олардың кәсіби тұрғыда өсіп, мансаптық мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жол ашады.

Жоғары курс студенттері үшін мұндай кездесулер болашақ мамандықтарының қыр-сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Диалог алаңына қатысқандардың қатарында университет түлегі Нұрым Шаяхметов те болды.

Нұрым Шаяхметов, студент: 

Бүгінгі таңда бізде мемлекеттік қызмет жайлы маңызды ақпараттар алып, жақсы мағұлматтармен бөлісті.Бұл кездесу біз үшін өте маңызды рөл атқарады. Қазір біз 4 курс студенті болғандықтан бұл кездесуді өте маңызды деп санаймын. Болашақта мемлекеттік органда жұмыс істегім келеді.  

«Elge Qyzmet» диалог алаңы мемлекеттік органдар өкілдерінің жастармен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар білім беру жүйесі мен мемлекеттік қызмет арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ елдің дамуына үлес қосатын жаңа буын мамандарын тартуға бағытталған.

Бекарыс Әмірбек 


Бөлісу