Негізгі Жаңалықтар Ұстаз беделі – ұлт болашағының кепілі

Ұстаз беделі – ұлт болашағының кепілі

Ұстаздың қоғамдағы беделін қорғау, мектептегі тәртіп пен педагогтің құқығын сақтау – білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мектептердегі мұғалімге деген құрмет мәселесін көтеріп, білім беру ұйымдарында туындаған келеңсіз жағдайларға жан-жақты баға беру қажеттігін атап өтті.

Президент жолдауында соңғы уақытта мектептерде оқушылардың ұстаздарға дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолдану жағдайлары жиі кездесетініне, кей жағдайда мектеп әкімшілігі тарапынан да педагогтерге қысым көрсетілетініне баса назар аударды. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар кез келген даулы жағдай жан-жақты қаралып, оған отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп әкімшілігі бірдей жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді. Бұл ретте Оқу-ағарту министрлігіне аталған мәселені жіті бақылауда ұстау тапсырылды.

Аман Исламов, Облыстық балалар ауылының директоры:

Президентіміз кеше ғана Қазақстан халқына жолдауында ұстаздың мәртебесі жөнінде үлкен мәселе қозғады. Оның ішінде қазіргі толғандырып отырған мектептегі келеңсіз жағдайлардың, психологиялық ахуалдың, ата-ана, оқушы және педогогикалық ынтымақтастықтың жұмысында елеулі кемшіліктің бар екенін атап өтті. Бұл жерде бір жақты болмауы керек, менің ойым. Ол ежелден келе жатқан, қазақтың педогокикасында және дәстүрден дәстүрге айналып келе жатқан үлкен ұстаздардың жұмысын ілгерілететін жұмыс деп есептеймін. Ұстаз деген ұлағатты есімге кір келтіретін жағдайлар бар. Міне осыған, Президентіміз, тосқауыл қоюға байланысты тапсырма берді. Міне осыдан біз өзіміз де сабақ алуымыз керек. 

Жолдауда педагогтердің кәсіби қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерді қысқарту мәселесі де көтерілді. Бұрын қағаз түрінде жүргізілген есептіліктің орнын цифрлық платформалардағы есептер басқан. Президент мұндай жұмыстар мұғалімнің уақытын алмауы керектігін атап өтті. Өйткені ұстаздың басты міндеті – сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізу мәселесі де назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, оны білім беру үдерісіне кезең-кезеңімен енгізудің маңызын атап өтті. Мамандардың пікірінше, жасанды интеллектіні білім саласында тиімді қолдану оқу сапасын арттырып, елдің цифрлық дамуына серпін береді.

Кәмшат Жаңабаева, педагогикалық колледж мұғалімі /Маңғыстау облысы:

Президентіміз Жасанды интелект жылы деп жариялады ғой. Сол жылдан бастап біз қарқынды жұмыс жасап кележатырмыз. Қазіргі уақытта жасанды интелектпен байланыстыру цифрлы қазақстанның экономикасын дамытуға көбірек әсерін тигізеді. Қазір барлығы ЖИ тығыс байланысты. Ал бұл әрине еліміздің жоғарғы деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймын. 

Мектептегі тәртіпті нығайту, педагогтің кәсіби құқығын қорғау және білім беру сапасын арттыру – Жолдауда көтерілген маңызды міндеттер. Бұл бағыттағы жұмыстар ұстазға қолайлы орта қалыптастырып, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына негіз болмақ. Ал мұғалімнің қоғамдағы абыройын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу