Сегіз отбасы қоныс тойын тойлады
Республика күніне орай Ұлан ауданының Айыртау ауылында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға сегіз пәтердің кілті салтанатты түрде табысталды. Жаңа баспана иелері үшін бұл – көптен күткен қуаныш, жаңа өмірге бастар қадам. Толығырақ тілші сюжетінде
Қазіргі таңда Ұлан ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 779 азамат тіркелген. Оның 167 – көпбалалы отбасылар, 71 – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ал 368 халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:
Соңғы үш жылда «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы аясында аудан бойынша 210 пәтер салынды. Оның ішінде ауданның 10 ауылында жалпы саны 62 пәтердің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 28-і әлеуметтік осал топтарға 34-і коп балалы отбасыларға арналған.
Бес баланың әкесі Камалжон Умаров үшін бұл - көптен күткен қуаныш. Алты жыл бойы үй кезегінде тұрып, осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерді паналаған отбасы енді өз шаңырағына қол жеткізгендеріне қуанышты.
Камалжон Умаров, Айыртау ауылының тұрғыны:
Шымкент қаласынан осы Өскемнге келгеніме биыл 8 жыл болады. Республика күніне байланысты. Айыртау ауылында осы үйге ие болып, осында семиямызбен бірге қуанышта үйлі болып отырмыз. Бәріне үлкен рахмет.
Жаңа қонысқа ие болғандардың қатарында Махсут Байгазиннің де отбасы бар. Төрт жыл бойы кезек күткен олар енді алты баласымен кең үйде тұрады.
Махсут Байгазин, Айыртау ауылының тұрғыны:
Төрт жыл күттік кезегімізді. Міне кезегіміз келіп, үлкен үй алып баспаналы болып жатырмыз. Өзіміздің 6 бала-шағамыз бар. Аллаға шүкір. Балаларымыздың қуанышы ерекше. Үйткені әр қайсының өзінің бөлмесі бар. Бөлмесі кең, өздеріне қатты ұнады. Сыртқы алаңы да кең. Өзіміздің ауыл болғандықтан өте қатты қуаныштымыз. Баламздың да қуанышы шексіз.
Айыртау – әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымы қатар дамыған ауылдардың бірі. Соңғы екі жылда 32 пәтер ауыл тұрғындарына табысталған.
Дархан Төлеуханов, Айыртау ауылдық округінің әкімі:
Айыртау ауылымызда көп жұмыстар атқарылып жатыр. 2025 жылы 4 шақырым асфальт төселді, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орта мектебіміз бен балабақшамыз жұмыс істеп тұр. Наубайханамыз бар. Одан кейін келесі жылы бағдарлама аясында екі қабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр.
Елді мекендердің еңсесін тіктеп, ауыл тіршілігін жандандыруға бағытталған жұмыстар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында алдағы уақытта да жалғасын табады.
Нұртас Қайролдаев