Құрылтай комитетінің көшпелі отырысы өтті
Облыс орталығында ҚР Құрылтайының Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында отандық тамақ өнеркәсібін дамыту, жергілікті өндірушілерді қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Құрылтай депутаты Наталья Годунованың төрағалығымен өткен басқосуға облыс басшылығы, тиісті министрліктердің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Соңғы бес жылда елде агроөнеркәсіп саласында өндіріс көлемі ұлғайып, өнімді қайта өңдеу бағыттары дамыды. Кәсіпорындарды жаңғырту, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстары да қолға алынған. Бұл - ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған жұмыстың жемісі. Өскеменде отандық тамақ өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелері талқыланды.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Соңғы кездері күнбағысты қайта өңдеу саласы жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Алғаш рет 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттауда әлемдік ондыққа кіріп 6-орынды иеленген. Бұған басты себептердің бірі – мемлекеттік қолдау шаралары. Бүгінде шикізатты қайта өңдеуге субсидия қарастырылған, инвестициялық субсидиялар қарастырылған.
Шығыс Қазақстан еліміздегі азық-түлік өндіретін жетекші өңірлердің бірі. Облыс өсімдік майы мен бал өндіруден республикада бірінші, ал қымыз, құрт және шұжық өнімдері бойынша екінші орында. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялауға 26,3 миллиард теңге бөлінді. Ал агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын несиелендіруге 4 миллиард теңге қарастырылған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
ШҚО бұл еліміздің жетекші азық-түлік өндірушілерінің бірі. Облыс республикада мынау өсімдік майы, бал өндіру бойынша бірінші орында, жаңа ауланған балық,қымыз,құрт шұжық өндіру бойынша екінші орында, құс еті бар, қарақұмық жармасы, консервіленген өнімдер шығару бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің үштігіне кіреміз. Ағымдағы жылы, азық-түлік өндірісінің көлемі бойынша ШҚО Республикада 5 орынды иеленді.
Жиын барысында комитет төрағасы Наталья Годунова көшпелі отырыстың маңыздылығына тоқталып, өңірлердегі өзекті мәселелерді тікелей талқылау қажеттігін атап өтті.
Наталья Годунова, ҚР Құрылтайының Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы:
Бұл - Құрылтайдың тұрақты комитеттері өткізіп отырған алғашқы көшпелі отырыстардың бірі. Оның өңірде өтуінің мәні зор. Бұл аймақтың дамуы еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бүгін біз тамақ өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік бағасына қатысты мәселелерді талқылап отырмыз.
Жиында кәсіпорындарды жаңғырту, отандық шикізатты өңдеу көлемін ұлғайту және өнімді өткізу нарықтарын кеңейту мәселелеріне басымдық берілді. Отырыс қорытындысында мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалды.
Бекарыс Әмірбек