Бюджет түсімі артып, қызмет сапасы жақсарды
Биылғы жылдың соңғы тоғыз айында облыста салықтық және кедендік әкімшілендіру шараларының нәтижесінде республикалық бюджетке қосымша 11,9 миллиард теңге салықтар мен кедендік төлемдер түсті. Салық түсімдері бойынша жоспар 100,2 пайызға орындалған.
Қосымша түсімдердің басым бөлігі камералдық бақылау нәтижесінде қамтамасыз етілді. Бұл бағытта мемлекет қоржынына 7,3 миллиард теңге түсті. Сондай-ақ кедендік әкімшілендіру есебінен 1,6 миллиард теңге, қосылған құн салығын қайтаруды әкімшілендіру арқылы 1,3 миллиард теңге, ал салықтық аудит қорытындысы бойынша 1 миллиард 100 миллион теңге қосымша түсім қамтамасыз етілді.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Саят Бимағамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент жұмысының қорытындылары мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру барысы туралы баяндады.
Саят Бимағамбетов, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке салық түсімдерінің жоспары 100,2 пайызға орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы өсім қарқыны 154 пайызды құрады.Түсімдердің негізгі бөлігі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы есебінен қамтамасыз етілді.Бұл нәтижелерге қол жеткізуде салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары маңызды рөл атқарды. Департаменттің негізгі міндеттері – бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету, әкімшілендіру тиімділігін арттыру, сондай-ақ бизнес пен салық төлеушілер үшін қолайлы жағдай жасау.
Салық төлеушілерге қызмет көрсету жеңілдей түсті. Тоғыз айда өңірде 404 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 403 мыңы электрондық форматта ұсынылған. Соған орай биыл салықтық әкімшілендірудің жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ол құжаттарды өңдеуді оңайлатып, салық органдарымен байланысты жеңілдетті. Сонымен қатар, жаңа Салық кодексіне сәйкес, есептілік нысандары 39-дан 28-ге, ал арнаулы салық режимдері жетіден үшке дейін қысқарды.
Бұдан бөлек, салық органдарында азаматтарға қолайлы жағдай жасалған. Күту аймақтары мен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары жұмыс істейді. Ал Өскеменде электрондық кезек жүйесі енгізіліп, қызметкерлер түскі үзіліссіз қабылдайды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында өткен «Халық бухгалтері» акциясы аясында 2300 ден астам салық төлеушіге кеңес берілді. Сонымен қатар, аумақтық басқармалар ай сайын ашық есік күндерін өткізеді. Ал көшпелі сервистік топ шалғай ауылдардың тұрғындарына, қарттарға және көмекке мұқтаж азаматтарға қызмет көрсетеді.
Бекарыс Әмірбек