Негізгі Жаңалықтар Ат спорты кешенінде манеж ашылды

Ат спорты кешенінде манеж ашылды

Облысқа қарасты, Глубокое ауданының Винное ауылында жөндеуден өткен жабық ат манежі қайта жұмысын бастады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар иппотерапия арқылы оңалту курсынан өтеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында манеждің топырақ төсемі жаңартылды. Бүгінде бұл кешен балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, бейімделген ат спортының дамуына да үлес қосып келеді.

Ел бойынша иппотерапия курстары алғаш рет дәл осы Винное ауылындағы ат спорты кешенінде қолға алынған. Бүгінде мұнда 110-нан астам бала емдік оңалту курсынан өтуде. Бүлдіршіндерің қатынауын жеңілдету үшін арнайы көлік қызметі де қарастырылған. Облыс орталығы мен жақын маңдағы аудандардан келетін балалар аптасына үш рет манежде оңалту сабақтарына қатысады. Мамандардың айтуынша, жүйелі жаттығулардың нәтижесінде кішкентай келушілердің денсаулығы жақсарып, оң өзгерістер байқалуда.

Альмира Мусинова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Иппотерапия жобасы –көп жылдан бері атқарылып келе жатыр. Биыл алғаш рет осы жобаға үш жылдық мемлекеттік тапсырыс беріліп отыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында облысымыздағы ерекше қажеттіліктері бар 112 бала оңалту орталықта арнайы оңалту шараларымен қамтылуда. Ең бастысы, балалар жыл бойы жоспарланған оңалту шарасын толық алуы тиіс. Жоба аясында орталықта жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Қазір балалардың оңалту шараларын үздіксіз 12 ай бойы алуына мүмкіндік бар. 

Орталықта оңалтудан өтіп жүрген балалардың арасында спорт шеберлері де бар. Олардың кейбірі паралимпиадалық спорт түрлері бойынша республикалық деңгейдегі командалардың сапында өнер көрсетіп жүр. Бұл — жүйелі оңалту жұмыстары мен спортқа деген ынтаның нәтижесі.

Екатерина Метай, «Ақ тай» мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Биыл жеке демеушілер мен қолдау білдірген азаматтардың арқасында манежді қайта жөндедік. Олардың кейбірі тіпті өздері туралы жария айтып, дабыра қылуымызды да қаламайды. Енді манежіміз қайтадан жарық әрі таза болды, ең бастысы — төсемі сапалы және қауіпсіз. Бүгін ғимаратымызда қайтадан жаттығуымызды бастадық.

Жаңартылған төсем жайлылық үшін ғана емес, қауіпсіздік үшін де маңызды. Жаттығу кезінде спортшылар аттың әртүрлі жүріс түрлерін яғни аяң, желіс және шабыс тәсілдерін қолданады. Сондықтан топырақ төсемі әрбір жүктемеге сай болуы керек. 

Юлия Яковлева, жаттықтырушы:

Біз әр спортшыға атты жеке таңдаймыз. Спортшыларымыз аттың әртүрлі жүріс түрлерімен жаттығады: аяң, желіс және шабыс. Сондықтан топырақ төсемі мінсіз болуы керек. Қазір біз аттарымыздың, ең бастысы, шабандоздардың қауіпсіздігіне сенімдіміз.

Манежге көп жылдан бері келіп жүрген отбасылар үшін оның жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылуы көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Олар орталыққа қайта келіп, манеждің жаңарып, заманауи кейіпке енгеніне қуанып, ризашылықтарын білдірді.

Ирина Ляховская, қала тұрғыны:

Ол өте қуанышты. Мұнда әрдайым мақтанышпен келеді, осы күнді асыға күтеді. Сондықтан бұл манеж бізге ауадай қажет болды. Мұнда келетін барлық балалар да, аналар да риза. Осы іске атсалысқан барша жанға зор алғысымызды білдіреміз.

Манеждің жаңартылуы жаттығуларды қайта бастауға және спортшылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Енді кішкентай бүлдіршіндер оңалту шараларын жалғастырып, бейімделген ат спорты бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізетін орын ретінде қызмет ете береді.

Кәусар Идаятқызы

Бөлісу