Astana Media Week 2026
Астанада өтіп жатқан Astana Media Week 2026 медиа апталығының екінші күнінде үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері марапатталды. Сондай-ақ ақпараттық саясат, отандық контент, жарнама нарығы және медиада жаңа технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Биыл «Үздік баспасөз қызметі» аталымында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі жеңімпаз атанды.
Ал «Үздік баспасөз хатшысы» атағы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменоваға берілді.
Марапаттау рәсімінен бөлек, медиа апталықтың екінші күні саланың өзекті мәселелеріне арналған пікірталастар мен тәжірибелік кездесулер өтті.
«Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» тақырыбындағы кездесуде мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс, баспасөз қызметтерінің жұмысын жетілдіру және қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды.
Оған ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және «Власть» интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты.