Тұмауға қарсы екпе науқаны
Облыста эпидемиялық маусым басталғалы 4 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Науқастардың жартысынан көбі – балалар. Мамандар аурудың алдын алу үшін тұмауға қарсы вакцинация жүргізіп жатыр. Өңірге алғашқы вакциналар жеткізілген.
Күн суытып, ауа райы құбылған шақта тыныс жолдарының жұқпалы аурулары жиілейді. Биылғы эпидемиялық маусымның алғашқы күндерінде Шығыс Қазақстанда 4252 адам ЖРВИ жұқтырған. Әсіресе, балалар арасында инфекцияның таралуы алаңдатып отыр. Науқастардың жартысынан астамы, яғни 2348-і – кәмелетке толмағандар. Олардың 75-і – бір жасқа дейінгі сәбилер. Сондай-ақ өңірде 21 жүкті әйелдің ауырғаны анықталған.
Ақерке Түсіпбаева, Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Ана мен баланы қорғау бөлімінің бас маманы
ШҚО бойынша 75 мың доза жоспарланған. Қазіргі таңда 19 мың доза сақтау қоймасына жеткізілді. Қалған 56 мың дозасы жеткізілу күтілуде. Облыс бойынша 26 медициналық мекемеде халықты екпемен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Маусымдық инфекция кей жағдайда асқынып, аурухана төсегіне таңуға мәжбүр етеді. Қазан айының алғашқы алты күнінде ЖРВИ диагнозымен 15 адам стационарға жатқызылған. Олардың үшеуі – бір жасқа толмаған нәрестелер. Бұдан бөлек, өкпе қабынуына шалдыққан 10 науқас ауруханаға түскен. Оның тоғызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал екі науқас әлі бір жасқа да толмаған.
Юлия Корачкова, Өскемен қаласындағы №1 емхананың бас медбикесі
Қазіргі уақытта біз тұмауға қарсы иммундау науқанын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Екпе халықтың осал топтарына салынады. Олардың қатарында диспансерлік есепте тұрған, созылмалы аурулары бар, жиі ауыратын балалар мен ересектер, сондай-ақ 60 жастан асқан азаматтар бар. Сонымен қатар қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін мамандарға да вакцинация жүргізілуде. Атап айтқанда, медицина қызметкерлері, сауда саласының өкілдері және полиция қызметкерлері тұмауға қарсы екпе алуда.
Мамандар вакцинацияны маусымдық инфекциялардың алдын алудың маңызды шараларының бірі ретінде қарастырады. Ал тұрғындар арасында екпені жыл сайын алып жүргендер де бар. Олар мұны денсаулықты қорғаудың және аурудың асқыну қаупін азайтудың бір жолы деп санайды.
Дегенмен өңірдегі эпидемиологиялық ахуал өткен маусыммен салыстырғанда біршама тұрақты. Әзірге зертханалық жолмен расталған тұмау мен коронавирус инфекциясы тіркелмеген. Соған қарамастан дәрігерлер маусымдық аурулардың алдын алуға ерекше көңіл бөлуге шақырады. Өйткені қарапайым тұмау белгілеріне ұқсас инфекцияның өзі асқынып, әсіресе кішкентай балалар мен жүкті әйелдердің денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Аяулым Усинова