ШҚО мен Үндістан ынтымақтастығы кеңейеді
Шығыс Қазақстан облысы мен Үндістан сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Бұл мәселелерді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал талқылады. Сондай-ақ тараптар инвестиция тарту және тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын қарастырды.
Шығыс Қазақстан облысы Үндістанмен экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзір. Негізгі бағыттардың бірі – инвестиция тарту және сауда саласындағы ынтымақтастықты кеңейту. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңір мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 9 миллион 738 мың АҚШ долларын құрады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біз жаңа бастамаларға ашықпыз. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, инвесторлар туралы заң аясында үндістандық компаниялар мен инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Өңірімізде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз.
Тағы бір перспективалы бағыт – әуе қатынасын дамыту. Өңір басшысының пікірінше, бұл іскерлік байланыстарды жеңілдетіп, Шығыс Қазақстанның үндістандық туристер үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Дели – Өскемен бағыты бойынша әуе рейсін ашуды ұсынамын. Қазір бізде Мәскеу және Новосібір қалаларымен әуе қатынасы бар. Енді Дели қаласымен жаңа әуе рейсін ашу мүмкіндігін қарастырсақ деймін.
Үндістан тарапы да өңірмен байланыстарды нығайтуға ниетті. Негізгі бағыттардың қатарында маңызды минералдар, уран және ауыл шаруашылығы салаларындағы әріптестік бар. Тағы бір ортақ бағыт – туризмді дамыту. Елшінің айтуынша, Үндістаннан Қазақстанға туристер көп келеді. Алайда Шығыс Қазақстанның табиғи көрікті жерлері, соның ішінде Катонқарағай мен Алтай Үндістанда әзірге кеңінен таныла қойған жоқ. Бұл бағытты дамыту өңір үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.
Сайлас Тангал, Қазақстандағы Үндістан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
Мен маңызды минералдар мен уран салаларындағы қарым-қатынасымызды қалай дамытуға болатыны жөнінде сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңызды білгім келеді. Үндістан тарапы ынтымақтастыққа дайын. Халқымыздың саны көп болғандықтан, басқа елдерден тауар импорттаймыз. Ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестік те екі тарапқа тиімді болар еді. Жыл сайын Алматыға Үндістаннан 200 мың турист келеді. Алайда олар Катонқарағай мен Алтайдың табиғи сұлулығы туралы біле бермейді. Бұл бағытта да мүмкіндіктер бар.
Кездесу қорытындысында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Бекарыс Энгельс