Азаматтардың құқығын қорғау
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдігі азаматтарға өз құқықтарын қорғауға және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге көмектеседі. Мұнда тұрғындар медициналық көмек алу, балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде қиындықтар туындаған жағдайда жүгінеді.
Тұрғындар Уәкілдің өкілдігіне кеңес алу және өз құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу үшін жүгіне алады. Өңірлік өкіл Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп келеді. Оның міндеті – мемлекеттік органдардың жұмысын алмастыру емес, азаматтардың өтініштерінің қаралуына және өз өкілеттігі шеңберінде қажетті шаралардың қабылдануына ықпал ету.
Серік Мизанбеков, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі:
Біздің институттың негізгі қызметі – азаматтардың құқықтарын қорғауына және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруіне жәрдемдесу. Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысына араласпаймыз. Сондай-ақ азаматтардың пікірінше, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары тарапынан жасалған заңсыз немесе құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты шағымдар да қаралады.
Өкілдік мамандары жұмыс барысында азаматтардың көптеген мәселесінің шешілуіне ықпал еткен. Солардың бірі – жүрегіне шұғыл ота жасау қажет болған сәби. Өкілдіктің көмегімен баланы Астанаға жедел жеткізу ұйымдастырылып, қажетті операция жасалды. Осылайша балаға медициналық көмек дер кезінде көрсетілді. Тағы бір жағдайда үйі өртеніп, кейін жұбайынан айырылған әйел көмек сұраған. Қаржылық қиындыққа тап болған ол банктен несие төлемдерінің кестесін қайта қарауды өтінген, алайда бастапқыда бас тартылған. Өкілдік қаржы ұйымына сауал жолдап, нәтижесінде әйелдің несиесі қайта құрылымдалды.
Серік Мизанбеков, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі:
Тағы бір жағдай есімде. Бір азамат қателікпен наркологиялық есепке қойылған. Оның өзі бұл туралы білмеген. Кейін оның толық аты-жөні бірдей басқа адаммен шатастырылғаны анықталды. Осыдан кейін біз Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, мәселенің мән-жайын анықтадық. Ақпараттық жүйелерді біріктіру кезінде қате кеткені белгілі болды. Азаматтың деректері ЖСН бойынша емес, тегі, аты және әкесінің аты бойынша енгізілген. Соның салдарынан осындай қателікке жол берілген. Біз оның наркологиялық есептен шығарылуына қол жеткіздік.
Өкілдікте әртүрлі бағыт бойынша мамандар жұмыс істейді. Олар азаматтардың өтініштерін қарайды, балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қорғау, құқықтық кеңес беру және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерімен айналысады.
Мира Ақпаева, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың ШҚО бойынша өкілдігінің бас маманы:
Адам мен адамзат құқықтары бұзылған жағдайда қорғау бойынша сұрақтарды негізге ала отырып, жұмыс жасаймыз. Біздің ұжым шағын. Бас маман, өкіл және жастар практикасы бойынша екі маман бар.
Өкілдік жұмысына жас мамандар да атсалысады. Олар үшін бұл – техникалық және ақпараттық міндеттермен жұмыс істей отырып, практикалық тәжірибе жинақтауға, сондай-ақ ұжымның жұмысына қолдау көрсетуге мүмкіндік.
Сергей Неверов, техник-бағдарламашы:
Менің негізгі міндетім, әріптесім сияқты, техникалық құрал-жабдықтармен және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу. Мысалы, қандай да бір техникалық мәселе туындаса, оны жедел шешуге тырысамыз. Осылайша өкілдік қызметкерлері өз міндеттерін еш кедергісіз атқарып, азаматтарға көмек көрсете алады. Негізінен әлеуметтік желілерге жарияланатын материалдарды дайындаумен айналысамыз, техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істейміз.
Өкілдік жұмысының негізгі бағыты – құқықтары, өздерінің пікірінше, бұзылған азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу. Мамандар істің мән-жайын зерделеп, қажетті ақпараттарды сұратады және мәселенің құқықтық тұрғыдан бағаланып, институттың өкілеттігі шеңберінде шешілуіне ықпал етеді. Азаматтар үшін бұл – мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде туындаған мәселемен жалғыз қалмауға мүмкіндік беретін құқықтарын қорғаудың қосымша тетігі.
Кәусар Идаятқызы