Негізгі Жаңалықтар Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейді

Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейді

Заңсыз жолмен табыс тауып, мемлекетке миллиардтаған теңге шығын келтіргендер жауапқа тартылуда. Өңірде рұқсатсыз кен өндіру, жалған шот-фактура рәсімдеу және заңсыз алкоголь өнімдерін шығару деректері анықталған. Қылмыстық жолмен алынған мүліктер мемлекет меншігіне қайтарылып, келтірілген шығынды өндіру шаралары қолға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте аймақ бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы мәлімдеді.

Облыста лицензиясыз темір кенін өндіріп, заңсыз сатқаны үшін серіктестік басшысы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу дерегінше, ол зерттеу жұмыстарын сылтауратып, 1 миллиард 53 миллион теңгенің кенін өндіріп, Қазақстан мен Қытайға өткізген. Заңсыз табысқа Алматыдан пәтер, коммерциялық нысандар, жер телімдері мен автокөлік сатып алған. Сот шешімімен аталған мүліктер мемлекет кірісіне тәркіленіп, келтірілген 1 миллиард 53 миллион теңге шығынды өндіру туралы талап қанағаттандырылды дейді сала мамандары.

Қуат Рахымбаев, ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы:

Департамент жалған қаржылық операциялар мен акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Өскеменде алкоголь өнімдерін астыртын өндірген топтың қызметі тоқтатылды. Төрт қоймадан 26 тоннадан астам спиртті сұйықтық тәркіленді. Сонымен қатар жалған шот-фактура рәсімдеу арқылы бюджетке 250 миллион теңгеге жуық салық түсірмеген қылмыстық топ анықталып, оның мүшелері жауапқа тартылды.

Департамент азаматтардың қаржылық құқығын қорғау бағытында да жұмыс жүргізуде. Үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдаланған құрылыс салушыларға қатысты 1 миллиард 200 миллион теңгенің қылмыстық ісі сотқа жолданған. Заңсыз құмар ойындар мен қаржы пирамидаларына қарсы шаралар да жалғасуда. Биыл онлайн-казиноға қатысты 155 сілтеме бұғаттауға жіберіліп, 124-і жабылған. Сонымен қатар қаржы пирамидалары мен заңсыз криптоайырбастауға қатысы бар 300-ден астам сайт бұғатталған.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу