Тарихи-мәдени мұраны қорғау
Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінде болған оқиғаға байланысты облыс әкімдігінде өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен жиын өтті.Талқылауға құқық қорғау органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары қатысты.
Жиынға «Шағаноба» археологиялық кешенінің аумағында болған жағдай себеп болды. Көне қорғандар орналасқан жерде арнайы техника көмегімен жер қазу жұмыстары жүргізілген. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Бұл- Шілікті аңғарындағы, Шілікті ауылынан 33 шақырым жерде орналасқан Матықұл учаскесі туралы болып отыр. Мұнда биіктігі шамамен бір метр болатын шағын қорғандар бар.
Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:
Қазба жұмыстарының іздері анықталған учаскелер археологиялық ескерткіштер аймағында орналасқан. Алайда олар мемлекеттік қорғауға алынған тарихи-мәдени мұра нысандарына жатпайды және республикалық немесе өңірлік маңызы бар қорғалатын нысандар тізіміне енгізілмеген. Шілікті ауылдық округінің әкімі серіктестікке заңсыз қазылған шұңқырларды көму жұмыстарын жүргізу туралы өтініш жолдады. Ағымдағы жылдың 13 қарашасында полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына барды. Сол күні әкімдік, полиция, тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары мен археологтардың қатысуымен аумаққа бірлескен тексеру жүргізілді. Анықталған қазба іздері сурет және бейнежазбаға түсіріліп, тексеру қорытындысы бойынша тиісті акт жасалды. Осы дерек бойынша аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Мамандар жүргізілген жұмыстардың сипатын зерделеп, археологиялық нысандарға келтірілген ықтимал залалға баға береді.
Аэлита Ахметсәлімқызы Зайсан ауданының әкімі:
Қар жамылғысына байланысты қазіргі уақытта қорғандардың нақты жағдайы мен келтірілген ықтимал залал көлемін толық анықтау мүмкін емес. Осыған байланысты 2027 жылдың көктемінде аумаққа қайта тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда шұғыл қалпына келтіру археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады. Заңсыз қазба жұмыстарын жүргізу мен тарихи ескерткіштердің бүлінуіне жол бермеу мақсатында олардың сақталуына бақылауды күшейту көзделген.
Орал Рыспаев, ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы:
Қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қатысы бар азаматтар полиция бөлімінде, қылмыстық іс шеңберінде тергеу әрекеттері атқарылуда.
Тарихи-мәдени мұра нысандарының сақталуына бақылауды күшейту жиынның негізгі міндеттерінің бірі болды. Өңір басшысы жауапты басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға өзара байланысты нығайтуды, заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, археологиялық ескерткіштерге төнген қауіп-қатерге жедел әрекет етуді тапсырды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қала, аудан әкімдері тарих және мәдени ескерткіштердің жай күйіне жергілікті жерлерде бақылауды күшейтіңіздер. Тұрақты тексерулерді ұйымдастырып отырыңыздар. Ескерткіштер мен олардың қорғау аймақтарында рұқсатсыз жер қазу, құрылыс жұмыстарын дер кезінде анықтап, жолын кесуді қамтамасыз ету керек.
Жиында Катонқарағай ауданындағы тағы бір маңызды тарихи нысан – «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жағдайы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да қаралды. Оның аумағында сақ және түркі дәуірлеріне жататын жүзден астам қорған бар. Соның 60-тан астамын археологтар зерттеген. Музей-қорық аумағы металл қоршаумен қоршалып, күзетке алынған. Сонымен қатар кешен ғимараттары мен аумағына орнатылған 23 бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.