Негізгі Жаңалықтар Ауа сапасы экологтар бақылауында

Ауа сапасы экологтар бақылауында

Бүгін Өскеменде атмосфералық ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдай орын алды. Ауа ылғалдылығының жоғары болуы, желдің баяу соғуы мен температуралық инверсия зиянды заттардың сейілуіне кедергі келтірген. Синоптиктердің айтуынша, мұндай құбылыс күз мезгілінде жиі байқалады. Толығырақ келесі бейнематериалда.

«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше өңірде антициклондық ауа райы қалыптасқан. Қазір қалада ауа ылғалдылығы жоғары. Түнде температура 6–9 градусқа дейін төмендейді. Соның салдарынан жерге жақын ауа қабаты салқындап, ылғал жоғарылап, тұманның түзілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Любовь Бухтоярова, облыстық ауа райын болжау бөлімінің басшысы:

Өскеменде Ертіс пен Үлбі өзендері бар. Түнгі уақытта өзен суы ауадан жылы болғандықтан, булану процесі жүреді. Соның нәтижесінде бу тұманы пайда болып, ауа ылғалдылығы артады. Бұған қоса, күз мезгілінде жел баяу соғып, температуралық инверсия байқалады. Мұндай жағдайда ауа қабаттары араласпай, ылғал мен зиянды қоспалар қала үстінде ұзақ уақыт сақталады.

Қаладағы ауа сапасын Экология департаментінің мамандары тұрақты бақылауда ұстауда. Сонымен қатар өнеркәсіп орындарына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Тұрғындардың шағымдары да назарға алынған. Алайда тексеру жүргізу үшін ықтимал заңбұзушылықты растайтын нақты деректер болуы шарт дейді мамандар.

Фархат Кнасилов, ШҚО Экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы:

Департамент ірі кәсіпорындармен меморандум жасасқан. Қолайсыз метеорологиялық жағдай жарияланған кезде алғашқы екі күн санитариялық-қорғау аймағында ауа сынамалары алынады. Егер жағдай үш күннен ұзаққа созылса, үшінші күні кәсіпорын аумағына барып, тікелей шығарындылар көздеріне өлшеу жүргіземіз.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай қоршаған ортаға ғана емес, қала тұрғындарының денсаулығына да әсер етуі мүмкін дейді мамандар. Дәрігерлердің мәліметінше, ауадағы зиянды заттардың салдарынан жоғарғы тыныс жолдары зақымданған азаматтар тіркелмеген.

Лейла Слямбекова



Бөлісу