Негізгі Жаңалықтар Мәдениет үйі толық жөнделді

Мәдениет үйі толық жөнделді

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Зайсан ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы Президент Жолдауында айтылған міндеттердің өңірде жүзеге асырылу барысына назар аударып, жаңғыртудан өткен бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Сонымен қатар аудан әуежайының құрылысымен танысып, тиісті тапсырмалар берді. 

Сарытерек ауылындағы мәдениет үйі 1961 жылдан бері тұрғындарға қызмет көрсетіп келген. Өткен екі жылда ғимаратқа облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізілді. Ал нысанды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтап, шығармашылық кеңістіктер қалыптастыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 185 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Қордың қолдауымен ауыл кітапханасы да жаңғыртудан өтті. Бүгінде мәдениет үйі 180 адамға арналған заманауи мәдени орталыққа айналды.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы:

Енді міне бүгінгі мәдениет үйінде іште жасалған ,жаңартылған дүниені көреміз. Ол жерде актовый залдарыңыз бар, орындақытары, Led экран барлығы жаңартылды. Ауылда енді кинотеатрда отырғандай кино көресіздер. Жалпы ішіндегі қосымша кружоктарды сіздердің сұраныстарыңызға қарай жасадық. Сіздердің көңілдеріңзден шығуға тырыстық. 

Жаңарған мәдениет үйінде балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған түрлі студиялар ашылды. Мұнда медиастудия, дыбыс жазу бөлмесі, театр, вокал және хореография залдары бар. Сондай-ақ домбыра, қобыз, баян үйірмелері мен фольклорлық студия жұмыс істейді. Жастар үшін тың бағыттағы косплей студиясы да жасақталған. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым өңірлерді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырта отырып , халықтың әл-ауқатын көтеру міндеттерін алдымызға ерекеше қойып отыр. Енді жастарымыз, балаларымыз өздерінің бос уақытарын осы жерде өткізеді, үлкендеріміз де жақсы демалып, мына кітапханада жақсы жақсы кездесулер өтіп , танымды іс-шаралар ұйымдастырылатынына мен сенімдімін. 

Мәдениет үйінің жаңаруы ауыл тұрғындары үшін де ерекше қуаныш. Себебі енді түрлі мәдени шаралар мен мерекелік басқосуларды өткізуге қолайлы жағдай жасалды. Бұл - ауылдың қоғамдық өміріне де серпін беретін маңызды жаңалық.

Мейіржан Емілбек, оқушы: 

Біз өте қуаныштымыз. Себебі біздің мәдениет үйміздің іші жаңарып жатыр. Бізге көп мүмкіндік ашылып жатыр. Мен өзім домбыраны ұнатамын. Домбыра шертуге қатысқым келеді. 

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Зайсандағы М.Әуезов атындағы орта мектептің жағдайымен де танысты. Аталған ғимарат 1967 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда 589 оқушы білім алады. 2023 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен білім ордасының 36 оқу кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталды. Бұл оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, пәндерді терең меңгеруіне мүмкіндік берді. 

Бақытгүл Сапарғалиева, мектеп директоры: 

2023 жылы мектебіміз Қазақстан Халқына қорының ықпалымен жабдықталды. Жалпы бізде 36 кабинет жабдықталды, соның ішінде айта кететін болсақ өте заманауи, балаларға қызықты жұмыстар жүргізетін, мұғалімдердің де шығармашылығын көтеретін кабинеттер ашылды. 

Облыс әкімінің Зайсан ауданына жұмыс сапары жаңа әуежайдың құрылыс алаңында қорытындыланды. Нұрымбет Сақтағанов нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Ұзындығы 2 200 метрлік ұшу-қону жолағы мен перрон дайын. Жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қабылдай алады. Әуежай іске қосылған соң Өскемен, Алматы, Астана қалаларына және Қытайдың бірқатар бағытына әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңа нысан 126 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен «Халықтық құрылыс» қағидатымен үндесіп, өңірлердегі инфрақұрылымды дамытып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Бекарыс Әмірбек


Бөлісу