Өңірдегі 22 қауіпті аумақ бақылауға алынды
Қыс мезгіліне дайындық өңір жолдарында да қызу жүріп жатыр. Мамандар қар басу және қар көшкіні жүру қаупі бар 22 аумақты анықтап, бақылауға алған. Оның 15-інде қар құрсауының алдын алу үшін арнайы қалқандар орнатылып, траншеялар қазылды. Ал көшкін жүруі ықтимал 7 учаске тұрақты назарда.
Қалың қар түсіп, боран соқпаса да, өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мекемелер маусымға бұрыннан кіріскен. Бұдан бөлек, аудандық жолдар мен елді мекендердің көшелерін тазартуға 573 техника дайындалған. Ал төтенше жағдай туындай қалса, қосымша 185 бірлік техниканы жұмылдыруға толық мүмкіндік бар.
Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:
Ауа райының қолайсыздығынан ағымдағы жылдың 21 қазаны мен 12 қарашаға дейін ШҚО республикалық маңызы бар автомобильдер жолдарында автокөлік қозғалысына екі рет жол жабылып, жазғы дөңгелекпен жүруге 9 рет шектеу енгізілді. Жол пайдаланушылардың жолда қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін филиал тарапынан барлық іс-шаралар қабылдануда.
Қыс мезгілінде жолды уақытылы тазартып, қалыпты қозғалысты сақтау үшін жалпы саны 800 қар тазалау техникасы сапқа қосылды. Мәселен, республикалық маңызы бар трассаларға жауапты мекеменің иелігінде 111 арнайы техника бар.
Дәулет Маратбеков, ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Қысқы кезеңде шамамен 600 мың литр жанар-жағармай материалдары, 2 мың тонна көктайғаққа қарсы материалдары, 50 тонна техникалық тұз дайындалды. Сондай-ақ өндірістік бөлімшелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін 800 тонна көмір сатып алынды. Автомобиль жолдарында 130 уақытша жол белгісі және 4 мың сигналдық бағана орнатылды. 1666 су өткізу және өзге де жасанды құрылыстар, сондай-ақ оларға кіреберіс жолдар тазартылды. Бұдан бөлек, 85 көпір тазалау жұмыстарынан өтті.
Мамандар жүргізушілерге, әсіресе таулы аймақтарға сапар кезінде сақ болуды ескертеді. Сондай-ақ көліктердің қысқы дөңгелекке уақытылы ауыстырылуы жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызды.
Ариана Нұрлыбекқызы