Әлеуметтік қолдау орталығы
Ұлан ауданындағы Бозанбай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға кешенді қолдау көрсетеді. Мұнда қызмет алушылардың денсаулығын бақылауға, тұрмыстық дағдыларын дамытуға және қоғамға бейімделуіне жағдай жасалған. Жақында мекеменің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінде орталықта 151 адам әлеуметтік қызмет алады. Олардың әрқайсысына жеке қажеттіліктеріне қарай әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Ал, тәулік бойы ұйымдастырылған медициналық кезекшілік денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Қызмет алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да ерекше мән беріледі. Орталықта шығармашылық, мәдени-танымдық және спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Гаухарья Лутфуллина, Бозанбай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:
Жаңа бағдарлама қазір енгізіліп жатыр қамқорлық жағынан. Ол қазір түгел компьютерге енгізілген. Күнделікті жасап жатқан жұмыстарымызды цифравизация жасап жатырмыз. Біздің орталыққа көңіл бөлініп жатыр. Биыл бізге құрылыс жұмыстарын жасады. Сыртын біраз жөндедік. Ішінде де капитальный ремонт жасалынды. Есіктерін ауыстырып, төбесін ауыстырды.
Мұнда еңбекке баулу жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Қызмет алушылар бау-бақшаны күтіп-баптауға, аумақты абаттандыруға, тігін және қолөнер бұйымдарын жасауға қатысады. Орталықта 121 қызметкер еңбек етеді. Мамандар әр адамның қабілетіне қарай тапсырмалар беріп, күнделікті тіршілікке белсенді араласуына көмектеседі.
Серікгүл Тілеухан, еңбек жөніндегі нұсқаушы:
Осы мекемеде істеп жатқаныма 8 жылдың көлемі болды. Өзіме ұнайды барлығы. Негізі еңбек деген мамандық ол – үйрене жүріп, үйрету. Маған сонысы қызық. Қызмет алушыларға үйретемін-үйретемін деп жүріп, өзімде көп нәрсе үйреніп алғанымды байқаған жоқпын шынымен.
Мұндай шаралар олардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, өзара қарым-қатынас орнатуына және ортаға бейімделуіне ықпал етеді.
Мекемеде қызмет алушылардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, дербес өмір сүру дағдыларын дамытуға да көңіл бөлінеді. Осы қолдаудың арқасында мұнда өз отбасын құрған жандар бар. Солардың бірі –Владимир мен Наталья. Олар 2021 жылы шаңырақ көтерген. Жас жұбайлардың қазір жеке баспанасы бар. Еңбекпен де қамтылған.
Владимир Карпов, Бозанбай ауылының тұрғыны:
Мен 2016 жылдан бері Бозанбай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс істеймін. Натальямен сол жерде таныстым. Алғашында араласып, достастық. Бірге серуендеп, әңгімелесетінбіз. Кейін ол оңалту курсынан өтіп, орталықтан шықты. Содан соң мен оған сөз салдым. Ол келісімін беріп, отбасын құрдық. Қазір бір қызымыз бар. Бізде барлығы жақсы, тату-тәтті отбасымыз.
Наталья Карпова, Бозанбай ауылының тұрғыны:
Мен Владимирге 2021 жылы тұрмысқа шықтым. Сол жылы қызымыз дүниеге келді. Өзімнің интернатта жүрген кезімнен жинаған қаражатым бар еді. Сол жинағыма баспана сатып алдым. Қазір екінші сәбиімізді күтіп жүрміз.
Осындай нәтижеге қол жеткізуде әлеуметтік сала мамандарының еңбегі зор. Олар қызмет алушылардың күнделікті тұрмысын ұйымдастырып қана қоймай, әрқайсысының қажеттілігін ескеріп, өмірге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Фатима Тілейханқызы