Белсенді жастар Жолдауды талқылады
«Жастар орталығы» жастар ресурстық орталығында Құрылтай депутаттары Ерлан Саиров пен Олжас Нұралдинов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов өңір жастарымен кездесті. Кездесу барысында олар жастармен бірге Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.
Кездесуде билік өкілдері мен жастар өзара пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Басқосу барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауын, ел дамуының негізгі бағыттары мен онда айқындалған міндеттерді талқылады. Әсіресе, жастардың мүддесіне тікелей қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Олжас Нұралдинов, ҚР Құрылтай депутаты:
Өскемен қаласының белсенді жастарымен кездестік. Мемлекет басшысы атап өткендей, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру ісіне белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылатын, жігері жалындаған жастарымыздың бар екеніне өте қуаныштымын. Осындай жастардың қоғам өміріне белсенді қатысуға деген ынтасы қуантады.
Кездесуге қатысқан студенттер мен белсенді жастар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Олардың пікірінше мұндай шаралар ел болашағы үшін қабылданып жатқан шешімдердің мәнін тереңірек түсінуге және өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік береді.
Аружан Мұратова, Өскемен қаласы Жастар ресурстық орталығының маманы:
Менің ойымша, мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор. Құрылтай депутаттары мен министрлер жастарға маңызды мәселелерді түсіндіріп, елде жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен негізгі бағыттар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Мәселен, белсенді жастар экономика, еліміздің болашағы, жастарға арналған мүмкіндіктер мен білім беру саласына қатысты сұрақтар қойды. Осындай ашық диалогтар арқылы біз мемлекет деңгейінде болып жатқан үдерістерден тікелей хабардар болып, маңызды мәселелердің мәнін тереңірек түсіне аламыз.
Студенттер билік өкілдеріне сұрақтар қойып, өзекті тақырыптарды талқылауға қатысты. Жастар өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы да барынша мол ақпарат алуға тырысты.
Әйгерім Құрмет, студент:
Осындай мүмкіншіліктер бізде жиі бола бермейді сол себепті осындай мүмкіндікті жастарға жақсы деп ойлаймын. Себебі жастар өздерінің ойларындағы пікірлерін сұрақтарын қоя білді. Бізге сол сұрақтарға керемет жауап берді. Өзекті мәселелерді талқылап, жастарға деген керемет пікірлер білдірді.
Мұндай кездесулер жастар мен билік өкілдері арасындағы өзара диалогты нығайтуға, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тереңірек түсінуге және көпшілікті толғандырған мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді.
Салтанат Кеңесбекқызы