Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық
Өңірде жастарға отбасын жоспарлау негіздері түсіндірілуде. Ақпараттық-тәжірибелік сабаққа медицина саласының мамандары мен Отбасын қолдау орталықтарының өкілдері қатысты. Кездесуде болашақ ата-ананың жауапкершілігі, репродуктивті денсаулықты сақтау және отбасын құруға саналы көзқарас қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Отбасын қолдау орталықтарында некеге дейінгі оқытуды ұйымдастыру туралы бұйрығын іске асыру аясында өтті. «Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық» тақырыбына арналған кездесуде жастарға отбасылық өмірге дайындықтың маңызды бағыттары түсіндірілді.
Жанар Әбілмажинова, оқытушы-сарапшы:
Бүгінгі бағдарлама болашақ ата-аналарға арналып әзірленген. Мен бүгін «Баланың шексіз мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасаймын. Денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері ретінде біз елімізде патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделін жүзеге асырып келеміз. Патронаждық мейіргерлер отбасылардың үйіне барып, ата-аналарға баланы дұрыс дамыту жолдарын үйретеді. Бұл үдеріске әкелерді де белсенді қатыстыруға мән беріледі. Бұрын патронаждық қызмет кезінде баланың өмірі мен денсаулығын сақтауға басымдық берілетін.
Некеге дейінгі оқыту бағдарламасы еліміздің барлық өңірінде Отбасын қолдау орталықтары базасында жүзеге асырылып жатыр. Оның мазмұны мен негізгі міндеттері туралы «Жанұя» Отбасын қолдау орталығының директоры Маруа Ғайсина айтып берді.
Маруа Ғайсина, «Жанұя» Отбасын қолдау орталығының директоры:
Некеге дейінгі оқытудың мақсаты – жастардың болашақ отбасылық өмірге дайындалуына жағдай жасау, некеге жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және отбасылық құндылықтарды нығайту. Жобаға облыс жастары, некеге тұруға дайындалып жүрген жұптар және жас отбасылар қатысады. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық өңірінде Отбасын қолдау орталықтары базасында бес модульден тұратын бағдарлама жүзеге асырылуда.
Сабақта репродуктивті денсаулықты сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жастарға қажетті ақпаратты дер кезінде берудің маңызы мен денсаулыққа жауапсыз қараудың салдары туралы Шығыс Қазақстан облысының бас репродуктологы Надира Слямханова түсіндірді.
Надира Слямханова, ШҚО бас репродуктологы:
Бұл некеге дейін оқыту жастарды отбасылық өмірге дайындауға өткізіліп отырған шара. Яғни, дені сау баланы дүниеге алып келу және ана өлімін азайту.
Некеге дейінгі оқыту жастардың отбасын құруға саналы түрде дайындалуына, ата-аналық жауапкершілікті түсінуіне және репродуктивті денсаулығына мұқият қарауына мүмкіндік береді. Басты мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайтып, болашақ отбасының берік негізін қалыптастыру.
Фатима Тілейханқызы