Негізгі Жаңалықтар Еркін күрестен республикалық турнир

Еркін күрестен республикалық турнир

Өскемендегі жекпе-жек сарайында еркін күрестен Өмірбек Мұзапаровты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бозкілем бәсекесіне еліміздің әр өңірінен 150-ге жуық жас балуан қатысты. Жарыстың ашылу салтанатына спорт саласының өкілдері, ардагерлер, жаттықтырушылар мен даңқты спортшының жақындары жиналды.

Бозкілемде 2009, 2010 және 2011 жылы туған жас балуандар белдесті. Өмірбек Мұзапаровтың рухына арналған турнир жыл сайын ұйымдастырылып, спортшылардың шеберлігін шыңдайтын дәстүрлі жарысқа айналған. Мұнда жас балуандар өзара бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік алады.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Бұл турнир 2005 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған отбасы мүшелері де ерекше дайындалады. Жарыс марқұмның әкесі мен атасына деген құрмет ретінде, отбасының қаржыландыруымен ұйымдастырылады. Спорттық шара жыл сайын жоғары деңгейде өтеді. Біздің міндетіміз – ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсету және жарыстың әділ өтуін қамтамасыз ету. Бозкілемде мықтысы жеңіске жетуі керек. 

Жарыстың ашылуында Өмірбек Мұзапаровтың ұрпақтары да сөз сөйледі. Олар үшін бұл турнир – отбасы дәстүрін жалғастырып, жас буынға спорттық мұраны дәріптеудің маңызды жолы.

Тимур Мұзапаров, Ө. Мұзапаровтың немересі:

Мына турнирді жыл сайын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Келген балуандарға сәттілік тілейміз. Бүгін енді ең мықтылары жеңіске жетсін. 

Турнирде Маңғыстау және Павлодар облыстарынан, Алматы қаласы, Абай облысынан, сонымен қатар Өскемен мен аймақтың өзге де аудандарынан келген командалар бақ сынады. Жас балуандар үшін бұл –тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін маңызды жарыс.

Нұрболат Мағзұмов, бас төреші:

Турнирге елдің түкпір-түкпірінен спортшылар келіп жатыр. Айта кетсек, Маңғыстау, Алматы, Павлодардан 3 команда келді. Абай облысы 2 команда және ШҚО командалары келіп қатысып жатыр. 

Маңғыстау облысынан келген балуан Мақсым Жұмақұл үшін бұл Шығыс Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Жас спортшы ұзақ жолға қарамастан, жеңіске деген жігермен келіп, чемпиондық атаққа қол жеткізуді көздейді.

Мақсым Жұмақұл, спортшы (Маңғыстау облысы):

Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қарсыластарымыз да осал емес. Жарыс өте үлкен дәрежеде өтіп жатыр. Менің мақсатым – чемпион болу. 

Маңғыстау облысынан жарысқа сегіз балуан келген. Спортшылар жаттықтырушымен бірге алдын ала дайындалып, өз өңірінің намысын абыроймен қорғауды және жүлделі орындардан көрінуді мақсат еткен.

Еламан Құрбанқұлов, жаттықтырушы (Маңғыстау облысы):

Шығыс Қазақстанға бірнеше рет келдік. Турнирге сегіз спортшымызды алып келдік. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық жас балуанға сәттілік! Алдағы жарыстарына да сәттілік!

Өмірбек Мұзапаровты еске алуға арналған республикалық турнир жас балуандардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына жол ашты. Сонымен қатар, бұл дода – спорттық дәстүрді жалғастырып, өскелең ұрпақтың күреске деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Фатима Тілейханқызы


Бөлісу