Әлеуметтік қызмет сапасы артуда
Облыста 746 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж бес мыңнан астам тұрғынға көмек көрсетеді. Өңірде осы қызметтің сапасын арттыру үшін мамандарды даярлау, біліктілігін бағалау және кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала өкілдері мәлімдеді.
Өңірде әлеуметтік қызмет көрсететін 35 ұйым бар. Әлеуметтік қызметкерлердің 60 пайызы ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Мамандардың басым бөлігі қызмет алушыларға үйінде көмек көрсетіп, күнделікті тұрмысын жеңілдетуге және қажетті күтіммен қамтамасыз етуге атсалысады.
Әсел Түлепова, ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
Облыстағы 35 ұйымның 8-і – үкіметтік емес, 27-сі мемлекеттік ұйым. Оның 11-і облыстық деңгейде, 16-сы аудандық деңгейде жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлердің 91 пайыздан астамы арнаулы әлеуметтік қызметтерді үй жағдайында көрсетеді. Ал 9 пайызы стационарлық, жартылай стационарлық және уақытша қызмет көрсету ұйымдарында еңбек етеді. Әлеуметтік қызметкердің міндеті тек тұрмыстық көмек көрсетумен шектелмейді. Мамандар тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық және құқықтық қызметтерді қоса алғанда, сегізден астам бағыт бойынша қолдау көрсетеді.
«Skills Enbek» платформасында 700 әлеуметтік қызметкер оқудан өткен. Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық аясында 174 маман біліктілігін жетілдірді. Алдағы уақытта тәжірибелі қызметкерлердің білімін жас мамандарға үйретуге мүмкіндік беретін тәлімгерлік жүйесін дамыту жоспарда бар.
Салтанат Абакова, ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
Қазіргі таңда 280 адам научный центрде өз біліктіліктерін тану рәсімінен өтіп жатыр. Ол жерде Министрліктің өз комиссиясы бар. Сол жерде өздерінің сұрақтары бар. Теориялық жақтан, практикалық жақтан да, біздің осы әлеуметтік қызметкерлерді сұрақтарын қойып, біліктіліктерін қарастырып жатыр. Осы кәсіби біліктіліктің тану рәсімінен өткеннен кейін оларға сертификат беріледі. Содан кейін ол кісілер аттестаттау процедурасынан өтеді.
Брифингте әлеуметтік қызметкерлердің эмоционалдық жүктемесі де сөз болды. Күнделікті қолдауға мұқтаж адамдармен жұмыс істеу жоғары жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Сондықтан мамандарға психологиялық қолдау көрсету, қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру және кәсіби дамуына мүмкіндік беру маңызды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қызмет сапасын арттырып, әр адамның қажеттілігіне сай көмек көрсетуге ықпал етеді.
Ариана Нұрлыбекқызы