Негізгі Жаңалықтар Шығармашылық байқау өтті

Шығармашылық байқау өтті

Өскеменде «Заң және мен» облыстық шығармашылық байқауының финалы өтті. Ақтық кезеңге өңірдің қала-аудандарынан іріктелген командалар қатысты. Жас буын заң мен тәртіп тақырыбын өнер арқылы жеткізіп, өз көзқарастарын ортаға салды.

Байқау «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылар театрландырылған қойылымдар мен шығармашылық өнер көрсету арқылы азаматтық ұстанымдарын танытты. Ал облыстық кезеңге дейін әр қала мен ауданда іріктеу кезеңдері өткізілді.

Айдос Әділбеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

Бүгін бізде облыстық прокуратураның бастамасымен және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Заң және мен» облыстық шығармашылық байқауы өтіп жатыр. Бұл байқау барлық қала-аудандарда ұйымдастырылып, оған 700-ден астам мектеп оқушысы мен 172 колледж студенті қатысты. Бүгін облыс орталығында сол аудандық, қалалық кезеңдерден іріктеліп шыққан жеңімпаздар, үздіктер өз өнерлерін ортаға салатын болады. Бұл жерде өзіміздің Өскемен қаласынан екі команда, ал басқа қала-аудандардан бір-бір командадан, жалпы 14 топ өз өнерлерін көрсететін болады.

Шараның өтуіне волонтерлер де атсалысты. Олар ұйымдастыру жұмыстарына көмектесіп, қатысушылар мен қонақтарға бағыт-бағдар берді. Жастардың пікірінше, мұндай бастамалар қоғамдық өмірге белсенді араласуға және азаматтық жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.

Анель Шәріпжанова, волонтер:

Бұл іс-шара екінші рет ұйымдастырылып жатыр. Екінші рет те біздің волонтерлеріміз белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бұл іс-шараның басты мақсаты жастардың бойында құқықтық сауаттылықты арттыру деп ойлаймын. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Осы іс-шараларға біз сияқты жастардың қатыуы өте үлкен мәнге ие деп ойлаймын.

Байқауға қатысушыларды дайындаған педагогтер үшін де бұл шараның маңызы зор. Өйткені құқықтық тәрбие жасөспірімнің күнделікті өмірдегі әрекеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігінен басталады. Осы бағытта ұстаздар жас буынға заң талаптарын түсіндіріп, оны құрметтеудің мәнін шығармашылық тәсілдермен жеткізуге күш салуда.

Әсем Мажибаева, педагог-ұйымдастырушы:

Мұндай ауқымды шарадағы басты мақсатымыз- заңды білу, заңға бағыну. Яғни, қазақ атамыз айтады ғой: «Заңға бағынған құл болмас» деп. Сондықтан әр қазақ баласы патриот болып, заңға бағынуы міздің басты мақсатымыз болып табылады. 

Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады. Ұйымдастырушылар мұндай шығармашылық жобалар жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, заңға құрметпен қарайтын азамат болып өсуіне ықпал етеді деп күтеді.

Бекарыс Энгельс


Бөлісу