Негізгі Жаңалықтар Облыс орталығында гематология орталығы ашылды

Облыс орталығында гематология орталығы ашылды

Өскеменде өңір медицинасы үшін маңызды нысан – жаңа Гематология орталығы ашылды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған орталық үш облыстың тұрғындарына қан ауруларын ерте анықтап, сапалы ем алуға мүмкіндік береді. Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. 

Жаңа Гематология орталығының құрылысы 2020 жылы басталған. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен нысан құрылысын аяқтауға Арнайы мемлекеттік қордан 34 миллиард теңге бөлінді. Жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асатын медициналық кешен 148 орынға шақталған. Мұнда емдеу корпусы мен пациенттерге және оларды алып жүретін жақындарына арналған пансионат бар. Жаңа орталықтың ашылуы өңір медицинасының мүмкіндігін кеңейтіп, күрделі дертке шалдыққан науқастарға жоғары технологиялық көмекті өз өңірінде алуға жол ашты. 

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Соңғы жылдары өңірде 45 медициналық нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Өскемендегі 200 орындық балалар ауруханасы, Риддер қаласындағы 200 орындық стационар және бір ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар көпбейінді кешендер бар. Облыстық онкология және хирургия орталығының бөлімшелері жаңғыртылып, Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана ашылды. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 36 нысан салынды. 300 орындық жаңа облыстық аурухананың құрылысы қарқынды жүруде келесі жылы медициналық кешен ел игілігіне беріледі. 

Орталық әлемнің жетекші өндірушілері шығарған заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған. Оның ішінде 256 тілімді компьютерлік томограф, ангиографиялық жүйелер мен дің жасушаларын өсіруге арналған зертханалар бар. Бұл күрделі қан ауруларын дәл анықтап, сүйек кемігін трансплантациялау секілді жоғары технологиялық емдеу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгін ашылып отырған гематология орталығы президентіміздің тікелей тапсырмасымен салынып, іске асырылған жобалардың бірі де бірегейі. Оның қаржыландырылуы республикалық бюджетпен қоса мынау активтерді қайтару жұмысы аясында бас прокуратураның қолдауымен қосымша қаржыландыруға қол жеткізілді. Сондықтан үкіметке, бас прокуратураға, бірінші кезекте мемлекет басшысына ыстық ерекше ыстық рахметімізді жеткіземіз. 

Ақмарал Әлназарова ҚР денсаулық сақтау министрі:

Бұл – республика көлемінде баламасы жоқ, өңір үшін маңызы зор жоба. Жаңа орталық балалар мен ересектерге көрсетілетін онкогематологиялық көмектің сапасын арттырып, осы саланың дамуына жол ашады. Бүгінде еліміздегі мұндай дертке шалдыққан науқастардың 60 пайызы ем алу үшін Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы да – жоғары технологиялық медициналық көмекті халыққа тұрғылықты жеріне жақындату. Жаңа орталық осы мақсаттың өңірде жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтың қызметіне дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарынан құралған білікті мамандар жұмылдырылды. Олардың 35-і жетекші отандық және шетелдік клиникаларда арнайы даярлықтан өткен. Енді Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындары күрделі гематологиялық аурулар бойынша қажетті медициналық көмекті өз өңірінде ала алады.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу