Құқықтық сауаттылық
Облыста «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және экстремизмнің алдын алуға бағытталған PVE LABS жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның кезекті іс-шарасына Глубокое ауданының оқушылары қатысты. Олар құқық саласындағы білімдерін толықтырып, қауіпсіздік және экстремистік көріністерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылауға мүмкіндік алды.
Белоусовка кентінде құқықтық лагерьге қатысу үшін Глубокое ауданының 27 мектебінен оқушылар жиналды. Іс-шара барысында жасөспірімдерге арналған тақырыптық тренингтер, интерактивті сабақтар ұйымдастырылып, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер өтеді. Қатысушыларға экстремистік көріністерді қалай анықтау, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және өз құқықтарын сауатты пайдалану жолдары түсіндіріледі.
Ольга Свириденко, Өскемен қаласының қоғамдық дамуын ақпараттық қолдау жеке қорының директоры:
Іс-шараның мақсаты – жастарға заңның тек жазаға қатысты емес, ең алдымен қауіпсіздік пен өз құқықтарын қорғауға бағытталғанын түсіндіру. Бүгін экстремизмнің алдын алу, сыни ойлау және медиасауаттылық тақырыптарында тренингтер өтеді. Сондай-ақ полиция және прокуратура өкілдерімен бірлескен интерактивті кездесулер ұйымдастырылады.
Өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң талаптарын түсіну және оны бұзудың салдары қандай болатынын ұғыну – жасөспірімнің тұлға ретінде қалыптасуындағы маңызды қадам. Себебі әрбір ойланбай жасалған әрекет үшін тек жасөспірімнің өзі ғана емес, ата-анасы да жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан мектеп оқушыларымен өтетін кездесулерде өмірлік мысалдар негізінде түрлі жағдайлар талданып, заң талаптарын сақтаудың маңызы мен құқық бұзушылықтың салдары түсіндіріледі.
Людмила Ильина, Глубокое ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы:
Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Себебі мұнда нақты өмірлік жағдайлар талданып, оқиғаның қалай басталып, немен аяқталатыны, қандай салдарға әкелетіні түсіндіріледі. Оның үстіне, жауапкершілік тек жасөспірімнің өзіне ғана емес, ата-анасына да жүктелуі мүмкін. Өйткені баланың әрекеті мен оған қатысты жауапкершілік бүкіл отбасына әсер етеді. Сондықтан ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы аса маңызды.
Құқықтық сауаттылық – заңды білумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – оны күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу. Мұндай кездесулер оқушыларға жеке қауіпсіздік, өз әрекетіне жауап беру және қабылдаған шешімдерінің салдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр қадамның белгілі бір жауапкершілік жүктейтінін ұғынуға жол ашады.
Зарина Текенева, оқушы:
Менің ойымша, заңдарды білу өте маңызды. Бұл адамды жауапкершілікке, дербестікке үйретеді. Сондай-ақ өзгелермен қарым-қатынаста өзіңді қорғауға және қауіпсіздігіңді қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық лагерьлер жасөспірімдердің заң жөніндегі білімін арттырып қана қоймай, олардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына, теріс ықпалдарға қарсы тұруына және заманауи ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар табуына ықпал етеді. PVE LABS жобасы аясындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысының өзге де аудандарында жалғасын табады.