Негізгі Жаңалықтар Президент Жолдауы – Жаңа міндеттер

Президент Жолдауы – Жаңа міндеттер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі Жолдауын жолдады. Ел дамуындағы басты бағыт саналатын Жолдауды облыстың активі тікелей эфирде тыңдады. Аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов барлық саланы қамтыған бағдарламалық құжатта Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. 

Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бағыттарды айқындап берді. Экономиканы әртараптандыру, өндірісті өркендету, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмысын жақсарту негізгі басымдықтардың қатарында. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді өңірлерде жүйелі жүзеге асырудың маңызы зор. Осы ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауапты басқарма басшылары мен өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдерге әр бағыт бойынша жұмысты ширатуды міндеттеді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің басты міндетіміз мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды сапалы орындап, өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуына , тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға нақты үлес қосу. Ауыл шаруашылығы саласы болсын, білім, ғылым болсын, айтайын деген басты мәселе келесі жылы жалпыхалықтық құрылыс жылы болады. 

Мемлекет басшысының Жолдауы қоғамның әр саласына жаңа міндеттер жүктейді. Алдағы мақсаттарға жету үшін елдің бірлігі мен азаматтардың белсенділігі маңызды. Ақсақалдар кеңесі де мемлекеттегі өзгерістерді жіті бақылап, ел болашағына қатысты бастамаларға ерекше мән береді. 

Манарбек Мұхамеджанов, ШҚО Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

Біз жылда ақсақалдар Президенттің жолдауын асыға күтеміз. Себебі соңғы жылдары Жаңа Қазақстан дейміз,қабылданған жаңа конституцияға байланысты еліміздің өркендеу, әлеуметтік-экономикалық дамуы, адамдардың әлеуетін арттыру мәселесі, жаңа қырынан көрініп келе жатқаны белгілі. Жолдаудың келесі жылы үлкен халықтық құрылыс жылы болады. Бұл негізінде үлкен дүние , өйткені құрылыс болғаннан кейін ол жұмыс орны ашылады, еліміздің келбеті көркейеді,жағдайы жақсарады.

Ел экономикасының дамуы жас буын үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамту және жастардың экономикалық белсенділігін арттыру мәселелері өзекті. Осы бойынша өз өңірімізде де жас кәсіпкерлердің бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған. 

Айдос Әділбеков, ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры:

Жолдауда түрлі мәселелер көтерілді.Әсіресе жалпы ішкі өнімнің өсіп жатқаны.Бұл біздің жастарымызға әсіресе біздің артымыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға үлкен мүмкіндік екенін көрсетеді. Бұл бағытта енді өңірімізде жастарды қолдауға әртүрлі жобалар жүзеге асырылады. Атамекен, Даму холдингтері арқылы біздің жастарымызға жеңілдетілген субсидиялар беріледі, кәсібін жаңадан ашқысы келетіндер үшін жұмсыпен қамту орталықтары арқылы жеңілдетеліген гранттар беріледі. Оның бәрі жастардың кәсіптерін бастауына бірден-бір себепкер ддүниелер деп айтсақ болады. 

Президент Жолдауында белгіленген басымдықтар енді өңірлерде нақты іске асырылуы тиіс. Аймақта бұл бағыттағы жұмыстарға жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік өкілдері жұмылдырылады. Ал қойылған міндеттердің орындалуы өңір экономикасының дамуына, жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталмақ.

Бекарыс Әмірбек 


Бөлісу