Республика күніне орай сарбаздар марапатталды
ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 ә/б Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілерге ерекше құрмет көрсетілді.
Республика күніне арналған салтанатты жиында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев жеке құрамды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен мемлекеттілікті нығайтудың маңызын атап өтті. Жиында 3477, 5518 және 6699 әскери бөлімдерінің командирлеріне Конституцияның жаңартылған нұсқасы қамтылған брендбуктар табысталып, қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қырағылық танытқан әскери қызметшілер лайықты құрметке бөленді.
Мақсат Ахметов, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ қарасты 6699 ә/б тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары:
ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің реформасына байланысты ҚР ҰҰ ә/б өте үлкен өзгерістер енгізілгелі отыр. Бұл офицерлерімізге, келісім шарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшілерге, сарбаздарымызға тың нәтиже беріп, үлкен жетістіктерге алып келетініне нақты сенімдімін.
Мерекелік жиында қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген сарбаздар да марапатталды. 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Кирилл Ахременко мен Ефим Илюшкин қала көшелерін патрульдеу кезінде қырағылық танытып, күдіктіні ұстауға үлес қосқан. Нәтижесінде Сарбаздардың арқасында есірткіге ұқсас зат салынған 29 түйіншек табылып, күдіктілер қамауға алынған. Жауынгерлердің сақтығы мен қызметке деген жауапкершілігі жоғары бағаланып, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының грамоталары табысталды. Бұдан бөлек, оларға әскери бөлім командирінің шешімімен он тәулікке қысқа мерзімді демалыс берілді.
Кирилл Ахременко, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ қарасты 5518 ә/б мерзімді әскери қызметшісі:
Мерзімді әскери қызметімді өтеп жүргендіктен, бұл демалыстың мен үшін орны ерекше. Бұл ата-анаммен және достарыммен қайта қауышуға берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Осы мерзімді демалысты берген басшылыққа шынайы алғысымды білдіремін.
Ефим Илюшкин, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ қарасты 5518 ә/б мерзімді әскери қызметшісі:
Республика күніне орай қызметтегі қырағылығым үшін қолбасшының алғыс хатын алдым. Әскери бөлім командирі он тәулік демалыс берді. Басшылыққа алғысым шексіз.
Осылайша салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен түйінделді.
Нұртас Қайролдаев