Негізгі Жаңалықтар Әйелдер кәсіпкерлігі дамуда

Әйелдер кәсіпкерлігі дамуда

Әйелдердің ел экономикасындағы үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Сауда, қызмет көрсету, білім беру, туризм, ауыл шаруашылығы және креативті индустрия – әйелдер кәсіпкерлігі кеңінен қанат жайған бағыттар. Өз ісін бастауға ниетті жандар үшін мемлекеттік гранттар мен қолдау бағдарламалары да қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер кәсіпкер әйелдердің тың идеяларын жүзеге асырып, шағын бизнесті дамытуына жол ашуда.

Әйелдер кәсіпкерлігі білім беру мен спорт саласында да қарқын алып келеді. Соның бір мысалы – 2023 жылы жұмысын бастаған спорт-білім орталығы. Алғашқыда мұнда тәрбиеленушілер саны санаулы ғана болса, бүгінде 400-ге жуық бала түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қатысады. Аз уақыт ішінде ауқымын кеңейткен орталық балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жан-жақты дамуына жағдай жасап отыр.

Гүлмира Ноғаспаева, спорт-білім орталығының басшысы:

Білім мен спортты қатар алып жүру. Балаларымыз тек қана білім алып қана қоймай, өзінің физикалық тұрғыдан дамуына әсер ету. Ата-аналар балаларының үйде телефонда ғана отырмауы үшін спортқа көп көңіл бөлуде. Сондықтан спортқа деген қызығушылық көп. 

Орталықта балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Соның бірі – волейбол секциясы. Мұнда жас спортшылар тұрақты жаттығып, ойын техникасын меңгереді. 

Нұрай Оралбекқызы, волейболдан жаттықтырушы:

Қазіргі группамда бала саны – 25. Күннен-күнге балалар саны артып келе жатыр. Жас спортшыларымыз күннен-күнге жетістіктерге жетуде. Алла қаласа, Павлодар қаласында өтетін біріншілікке қатысамыз. 

Жүйелі жаттығу мен үздіксіз дайындық жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға жол ашады. Орталық тәрбиеленушісі Айзере Елғазы да волейболды жанына серік еткен. Ол спорттың бұл түрімен тұрақты айналысып, ойын барысында өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға тырысады. Жас спортшы үшін әрбір кездесу – шеберлігін жетілдіріп, өз мүмкіндігін көрсетуге берілген мүмкіндік.

Айзере Елғазы, спортшы:

Біз Бурабайға, Семейге әр түрлі қалаларға барғанбыз. Сол қалалардан неше түрлі орындар алып келдік, опыт жинадық. Диагональ ол екінші мен бірінші позицияларда жүретін ойыншы. Көбінесе атакада участвовать етеді. Ол поляны защищать етіп жүгіріп жүреді. Менің командада достарым өте көп. Барлығымен доспыз. Өте дружный командамыз біз. 

Орталықта балалардың дене дайындығымен қатар, мінез-құлқы мен спорттық шеберлігін қалыптастыруға да басымдық беріледі. Осы мақсатта дзюдо секциясы жұмыс істейді. Мұнда жас спортшылар күрес әдістерін меңгеріп, жаттығу барысында өз мүмкіндіктерін шыңдайды. Ал жаттықтырушылар әр тәрбиеленушінің ерекшелігін ескеріп, олардың қабілетін ашуға күш салады.

Шыңғыс Даниярұлы, дзюдодан жаттықтырушы:

Дзюдо спорт түрлерінің ішіндегі ең тәртіпке қатал қарайтын спорт. Және бірін-бірі сыйлау, қарсыласқа құрмет өте жоғары деңгейде. Орталыққа келіп жатқан бала жас бала үйреткен нәрсені тез сіңіріп алады. Кейбір балалар болады енді қабылдай алмайтын, Енді әр балаға подход керек. Әр балаға әр қалай қарым-қатынас қарастырамыз. 

Спортқа енді қадам басқан балалардың да үлкен арманы бар. Солардың бірі – Нұрлы Жәнібекұлы. Ол дзюдомен айналысқанына небәрі төрт ай болғанына қарамастан, болашақта әлемдік деңгейде өнер көрсетуді мақсат етеді.

Нұрлы Жәнібекұлы, спортшы:

Мен 9 жасымнан келіп, 4 ай дзюдода қатысып жүрмін. Мен дзюдоны ұнаттым. Өйткені ол жерде күрестерді ұнаттым мен. Әлем чемпионы болғым келеді. 

Ал Мансұр Нұрланов үшін спорттағы алғашқы белестер артта қалды. Ол қатысқан жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, өзінің дайындығы мен табандылығын көрсетті. Ендігі мақсаты – қол жеткізген нәтижелерін жақсартып, жаңа жеңістерге жету.

Мансұр Нұрланов, спортшы:

Мен 6 жарысқа қатысып, 4 жарыстан орын алғанмын. Екі бірінші орын, екі үшінші орын. Сол жарыстарға мен барлық күшімді салғанмын. Мен жарыстарға өте қатты дайындалып, жарыстардан жеңемін деп ойлаймын. 

Әйелдер кәсіпкерлігі – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды бағыт. Мемлекеттік қолдау мен табанды еңбектің арқасында кәсіп иелері өз ісін дамытып, өңір экономикасына үлес қосып келеді. Ал балалардың жетістігі – осы еңбектің нәтижесі.

Аяулым Усинова


Бөлісу