Демография мәселелеріне арналған ғылыми конференция
Облыс орталығында демографиялық тарих пен қазіргі әлеуметтік-демографиялық үдерістерге арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Чехия және Францияның жетекші ғалымдары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – демография және пәнаралық зерттеулер саласындағы ғылыми диалогты дамыту, тәжірибе алмасу.
Конференция профессор Лилия Столяроваға арналды. Ол Серікбаев атындағы ШҚТУ-да жарты ғасырдан астам еңбек етіп, жүздеген ғылыми еңбегін жариялаған көрнекті саясаттанушы. Қазақстандағы алғашқы Достық үйінің, ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының құрылуына атсалысқан. Сондай-ақ Қазақстанның алғашқы Конституциясының мәтінімен жұмыс істеп, бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған.XXV халықаралық конференцияда халықтың көші-қоны мен урбанизациясы, қоғамның этникалық құрылымындағы өзгерістер, этномәдени үдерістер және мәдениетаралық диалог мәселелері талқыланды. Ғалымдар тарихи демографияның өзекті түйткілдері мен қазіргі Қазақстандағы демографиялық дамудың ерекшеліктерін де ортаға салды.
Равиль Юнусов, Достық үйі - қоғамдық келісім орталығының басшысы:
Бүгін Шығыс Қазақстан техникалық университетінің алаңына Қазақстанның және Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін өңірлердің үздік ғалымдары жиналды. Конференцияда этнодемографиялық үдерістер қарастырылады. Бұдан кейін де жыл сайын ғылыми еңбектер жинағы жарық көріп, оған үздік зерттеу жұмыстары енгізіледі.
Бағдарлама аясында ғылыми баяндамалар оқылып, пікір алмасулар мен талқылаулар өтті. Қатысушылар Еуразия кеңістігіндегі әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді, урбанизацияның қоғамға ықпалын және түрлі мәдениеттердің өзара байланысын қарастырды. Жиын қорытындысында ғалымдар ұсынылған зерттеулер негізінде бірқатар ұсыным әзірледі.
Александр Алексеенко, «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:
Бұл – 1998 жылдан бері өткізіліп келе жатқан 25-ші конференция. Осы уақыт аралығында жаңа байланыстар орнатып, тың деректерге қол жеткізіп келеміз. Қазақстанның әр өңіріндегі және әлемнің басқа елдеріндегі демографиялық ахуалмен танысып, пікір алмасу өте қызықты.Халық санының өзгеруіне көші-қон мен табиғи өсім әсер етеді. Соңғы жылдары елімізде сыртқы көші-қонның оң сальдосы байқалады. Яғни, 1990 жылдары қоғамды алаңдатқан эмиграция мен халықтың елден кетуі мәселесі кері үдеріске ұласты. Қазір Қазақстанға келушілер саны артып, жыл сайын көбейіп келеді.
Конференция 25 жыл бойы түрлі елдердің мамандарын біріктіріп келеді.
Жадыра Қоңырбаева, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры:
Конференция жұмысына Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінен өкілдер қатысады. Бұл жиын еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жолының куәсі ғана емес, маңызды әлеуметтік үдерістердің де белсенді алаңы. Сонымен қатар ғылыми және ғылыми-практикалық зерттеулердің дамуына елеулі үлес қосып, ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Конференция халықаралық тәжірибе алмасу, өзекті демографиялық үрдістерді талқылау және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстыру алаңына айналды.