Рухани келісім күні
Елімізде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайту – ел тұрақтылығының басты кепілі. Рухани құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті бекемдеу мақсатында Өскеменде облыстық форум өтті. Жиынға діни бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен жастар қатысты.
Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 11 конфессияны біріктіретін 148 діни бірлестік жұмыс істейді. Олардың арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті сақтау – қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды тетігі. Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған форумда осы бағыттағы жұмыстар мен ортақ құндылықтарды дәріптеу мәселелері сөз болды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, рухани құндылықтар мен конфессияаралық келісім - тәуелсіздігіміздің мызғымас іргетасы. Қазақстан қоғамында дін саласына қолдау көрсету көп қырлы сипатқа ие және ол «зайырлы мемлекет» қағидатына негізделген.
Форум аясында қатысушылар рухани келісімді сақтаудың маңызын талқылап, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайтуға қатысты пікір алмасты. Жиын барысында конфессияаралық түсіністікті дамытуға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, қонақтар назарына «Шығыс Қазақстан: табиғат пен тарихтың ортақ шежіресі» атты көрме ұсынылып, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.
Айқын Кикумова, Діни ахуалдарды талдау және мониторинг бөлімінің басшысы:
18-қазанда біздің мемлекетімізде рухани келісім күні аталып өтіледі. Жыл сайын. Соның аясында Шығыс Қазақстан облысында форум өткізілді. «Рухани келісім» форумы. Қазіргі кезде конфессияаралық келісім өте маңызды. Неге десек, біздің Қазақстан көп елді мекен. Сондықтан біздлің елде конфессияаралық келісімді сақтау өте маңызды болып саналады.
Рухани келісім – қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін бекемдейтін ортақ құндылық. Форум осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтып, өзара құрмет пен татулықты дәріптеуге арналды. Жиынға қатысушылар діни сенім бостандығын құрметтеу, қоғамдағы өзара түсіністікті сақтау және бейбітшілік құндылықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті. Мұндай басқосулар түрлі конфессия өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мақсат жолындағы бірлікті арттыруға мүмкіндік береді.
Бекарыс Энгельс