Балабақшаға интерактивті жабдықтар орнатылды
Өскемен қаласындағы №1 «Балапан» бөбекжай-балабақшасында хореография кабинеті жаңартылып, жаңа интерактивті жабдықтар орнатылды. Білім беру мекемесіне «Казцинк» компаниясы қолдау көрсетті.
Биыл «Балапан» бөбекжай-балабақшасының ашылғанына 15 жыл. 2010 жылы бұл нысанды «Қазцинк» компаниясы салып, қалаға сыйға тартқан болатын. Содан бері компания мекемеге қолдау көрсетіп, балалардың дамуы мен білім алуына қолайлы жағдай жасауға атсалысып келеді. Кезекті жаңғырту жұмыстары аясында интерактивті жабдықтар орнатылып, хореография кабинеті жаңартылды. Енді педагогтер сабақ барысында заманауи технологияларды пайдаланып, оқу материалдарын балаларға көрнекі түрде түсіндіріп, олардың сабаққа қызығушылығын арттыра алады.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Қазірдің өзінде жабдықталу деңгейі мен білім беру сапасы жағынан қаламызда мұндай мектепке дейінгі ұйымды табу оңай емес. Балабақшаның 15 жылдығына орай біз бірқатар сыйлық жасадық. Олардың бір бөлігін өткен жылы табыстаған болатынбыз. Ал қазір үлкен интерактивті панель, спорттық интерактивті панель және интерактивті еден сыйға тарттық. Сонымен қатар хореография кабинетін жөндеуден өткіздік. Мұнда балалардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға арналған мүмкіндіктер көп. Қызықты ойыншықтар да жеткілікті.
Бұған дейін «Қазцинк» компаниясының қолдауымен балабақшада қыш құмыра жасау шеберханасы, интерактивті құмсалғыш және дене шынықтыру кешені жабдықталды. Сондай-ақ LED-экран мен ақылды айна орнатылды. Соның арқасында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоршаған ортаны тануына арналған мүмкіндіктер кеңейді. Бұдан бөлек, мұнда Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген педагогтерге арналған семинарлар, шеберлік сабақтары мен ашық сабақтар өткізіледі. Мамандар өзара тәжірибе алмасып, заманауи әдістемелерді меңгереді және оларды балалармен жұмыс барысында қолдану жолдарын талқылайды.
Дина Раимбаева, №1 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының директоры:
Біздің базамызда республиканың түкпір-түкпірінен педагогтер жиналатын конференциялар, семинарлар және түрлі іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар облыстық және қалалық деңгейде ашық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Интерактивті жабдықтар — қазіргі таңда балаларға қажет жаңашылдық. Ал біз құзыреттілік орталығы ретінде заман талабына сай дамып, жұмысымызда қолдануға болатын мүмкіндіктерді көрсетуіміз керек. Сондықтан интерактивті жабдықтардың орнатылуы — алға жасалған үлкен қадам. Олар балалардың дамуына, шығармашылығы мен ойлау қабілетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Бүгінде «Балапан» бөбекжай-балабақшасында 300-ден астам бала тәрбиеленіп жатыр. Жаңа жабдықтар бүлдіршіндерді оқыту мен олардың қабілеттерін дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Кәусар Идаятқызы