Марқакөл ауданының мәдени күндері өтті
Облыс орталығында «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл ауданының күндері өтті. Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде ауданның тыныс-тіршгілігі, ауыл шаруашылығы өнімдері, ұлттық құндылықтары мен жас ұрпақтың жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды.
Өнер мен өнегені ұштастырған кештің мақсаты – туған өлкенің рухани құндылықтарын дәріптеп, ауданның мәдениеті мен жетістіктерін көпшілікке таныстыру.
Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:
Бұл іс шараның негізгі мақсаты осы қала мен ауылдың азаматтарын, туған тумаларын бір-бірін берекеге шақыру. Шара аясында жақсылықтар көбейіп, ауданның дамуы арта берсін.
Бұдан бөлек, көрмеге өңірде өндірілетін түрлі өнімдер әкелінді. Атап айтқанда, түйе және ешкі сүтінен дайындалған құрт, жергілікті тұрғындар өсірген тары, бидай мен бау-бақша өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ дәстүрге айналған «Бауырсақ аруы» мен өңір брендіне айналған «Ақжайлау» майы да көрменің көркін кіргізді.
Асем Болысова, Марқакөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
«Туған жер -алтын бесігім» шарасы аясында Марқакөл ауданының ауылшаруашылық өнімдерін алып келдік. Мал шаруашылығы қазір дамып жатыр. Сонда бізде қазір сүттен жасалған құрт, түйенің құрты, ешкінің құрты және аудан тұрғындары егетін бидай, тары өнімдері, жаз бойы табиғатта өскен жемістерді де теріп, содан вареньелар алып келдік.
Көрмеде аудан болашағына қатысты тағы бір маңызды бағыт – білім мен технология да назардан тыс қалған жоқ. Робототехника мен жасанды интеллект саласындағы жобалар жас ұрпақтың жаңашылдыққа деген қызығушылығын көрсетті. Сонымен қатар ауданның қолөнер шеберлері де өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып, ұлттық нақыштағы бұйымдар арқылы өңірдің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін танытты.
Айтолқын Тәтімбекова, қолөнер шебері:
Мен Игілік аулынан келдім, Марқакөл ауданы. Біз оқушылардың қолдан жасаған қолөнер бұйымдарын алып келдік. Ол бұйымдар жүнен жасалған, атлас матадан жасалған, тағыда сандықтар бар ағаштан жасалған. Көп заттар алып келдік.
Кеш соңында Марқакөл ауданының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кәусар Идаятқызы