Онкологиялық емдеудің жаңа мүмкіндігі
Облыс орталығында Көпсалалы онкология және хирургия орталығында заманауи Elekta VERSA HD желілік үдеткіші іске қосылды. Жаңа технология сәуле дозасын ісікке жоғары дәлдікпен бағыттап, сау ағзалар мен тіндерге түсетін әсерді барынша азайтады. Бұл – орталықтағы екінші желілік үдеткіш, оның іске қосылуы өңір тұрғындарына жоғары технологиялық онкологиялық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Көпсалалы онкология және хирургия орталығында жаңа желілік үдеткіш іске қосылды. Заманауи құрылғы сәулелік терапияның мүмкіндігін кеңейтіп, күрделі онкологиялық ауруларды емдеуде жоғары дәлдіктегі технологияларды қолдануға жол ашады. Жаңа аппаратпен алғашқы ем қабылдаған пациенттердің бірі – бүгін қажетті процедурадан өтіп жатқан тұрғын.
Татьяна Швайка, Риддер қаласының тұрғыны:
Мен сәулелік терапия курсын өтудемін.Замануи емдеу тәсілі өзіміздің елде болғаны қуантады.Бұл өте ыңғайлы, ешқайда бармай өз облысымызда ем аламыз. Екінші апаратты іске қосқанына қуаныштымын, бұл мен сияқты науқастардың кезекте тұрмай, жоғары дәрежелі ем алуына қолайлы.
Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бастамасы негіз болды. Қор тарапынан медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған жоба аясында орталыққа жаңа желілік үдеткіш жеткізілді. Оның мүмкіндіктері сәулелік терапияның заманауи әдістерін кеңінен қолдануға жағдай жасайды.
Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы:
Бұл жерде сәулелік терапия, ол енді МАГАТЭ-нің алтын стандартына кіреді әлемдік деңгейде. Швецияның Электа деген брендін көріп жатырмыз.Өңірлердегі барлық онкоорталықтардың ішінде алғашқы рет қойылып жатқан осы бренд. Мына 2022-24 жылдарға қарағанда бізде Қазақстана сәлелік терапияның болуы 36 пайыз ғана болған, бүгінгі күні 60 пайыздан асты.
Жаңа технологияның іске қосылуы тек бір медициналық мекеме үшін емес, өңірдегі онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін маңызды екенін облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов та атап өтті. Бұған дейін орталықта бір желілік үдеткіш жұмыс істесе, енді сәулелік ем жүргізуге арналған заманауи аппараттар саны екеуге жетті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бірінші кезекте Қазақстан халқына қоғамдық қорына, басшылығына үлкен рахметімізді жеткізе отырып, бұл қондырғы да, басқа да бұған дейінгі қондырғыларда, осылардың барлығы мынау біздің халықтың , тұрғындардың денсаулығы үшін соңғы заманауи талаптарға сәйкес медициналық қызмет көрсетуге септігін тигізе берсін.
Жаңа желілік үдеткіштің іске қосылуы Шығыс Қазақстандағы онкологиялық көмектің мүмкіндігін арттырды. Заманауи технологиялардың көмегімен күрделі емдеу әдістерін өңірдің өзінде жүргізуге жағдай жасалып отыр. Ең бастысы – облыс тұрғындары қажетті жоғары технологиялық сәулелік терапияны алу үшін басқа өңірлерге баруға мәжбүр болмайды.